Берілген мәтіндерді оқып, тақырыбы, мақсаты, аудиториясы, стилін салыстырыныныз А мәтіні
Музыкалық аспаптардың шығу тегін, дамуын, құрылыс-құрылымын, жасалуын, дыбыстық ерекшелігін, әуендік-әуездік мүмкіндігін, қызметін, мақсатын, мән-маңызын зерттейтін ғылым саласы аспаптану деп аталатыны мәлім. Ол сондай-ақ музыкалық аспаптарды тану барысында белгілі бір ұлттың эстетикалық талғам-танымының даму динамикасын, рухани өресінің ауқымын, музыка ілімінің бағыт-бағдарын да саралайды; бір халықтың музыкалық аспаптарының басқа халықтар музыкалық аспаптарымен байланысын да қарастырады. Біз бұл мақаламызда әл-Фараби негізін қалаған аспаптану ілімінің сабақтастығына шолу жасап өтеміз.
Ғылыми танымның адамзаттық кеңістігендегі қазақ ұлттық музыкалық аспаптану ғылымы дегенде алдымен әл-Фарабидің есімі аталады. Әбу-Насыр әл-Фараби – тегі түрк, қазақ топырағында дүниеге келген тұлға. Мұралары адамзатқа ортақ екендігін мақтанышпен айта отырып, туған жері, шыққан тегіне қарап біз оны өз туысымызға балаймыз да оның мұраларына ие болатын мұрагер екендігімізді үлкен жауапкершілікпен сезінеміз. Әл-Фарабидің бізге қалдырған аса құнды мұрасы – «Музыка туралы үлкен кітабы». Онда музыкатану, оның ішінде музыкалық аспаптану ғылымының да негізін қалайды.
Оның бұл саладағы ұлы еңбегін алдымен Шығыс, одан кейін Батыс елдері ғалымдары ғасырлар бойы ойына ұстын, тіліне тиек етіп келеді. Фарабиден кейін де музыкалық аспаптану басқа ғалымдар тарапынан да сабақтастық тапқан еді.
С.МЕДЕУБЕКҰЛЫ, «Ана тілі» газеті
Ә мәтіні
Шыңғыс ханның баласы Жошы құлан аулап, снөкерлерінен ұзап кеткенін сезбей қалады. Ханзада құландарды еш аяусыз өткір жебемен дәл көздеп құлата береді. Құландардың ішінде өзі аяқсақ, қасқырдан да тайсалмайтын өжет айғыры кенет жалт бұрылып, аңшыға қарсы ұмтылады. Ақсақ құлан шабуылының жойқын болғаны сондай, Жошы атынан ұшып түсіп, сол бойда мойыны үзіліп, жан тәсілім етеді...
Нөкерлерінің Ұлы ханға Жошының өлімін естіртуге жүректері дауаламайды. Көне ғұрып бойынша жаман хабар әкелген адамды өлімге бұйыратын. Сол кезде даланың Ұлы жыршысы қарт Кетбұға қайыңнан домбыра шауып, ішек тағып, Ұлы ханның сарайына келе, алтын тақтың алдына тізерлей құлайды. Өзіне абыз карттың жақсылықпен келмегенін сезген әмірші түнерген жүзбен: «Уа, Ұлы жырау, не датың бар?»- деп сұрайды. Бірақ Кетбұға тіл қатпастан, домбырасымен бір қайғылы әуенді тарта жөнеледі. Бұл күйдің сиқырлы дыбыстарынан Ұлы ханның көз алдына жас ханзада Жошының аңға шыққаны, оған құлан үйірінің кездескені һәм ханзаданың аң аулап еліккені елестеп, тізіліп өткендей болады...
Қарт жыршы зарлы күйін аяқтайды. Бірақ Ұлы хан да, басқалар да күй тілінен болған окиғаның бәрін түсінеді: домбыра шапқан аттардың дүбірін де, өз үйірін қорғаған ақсақ құланның ақылы мен қайратын да жеткізіп айтты. Әсіресе, ақсақ құланның ханзадаға қарсы шапқан тұсын зарлата қайырды...
Хан үн-түнсіз ұзақ отырды. Ақыры, Ұлы хан тіл қатты: «Сен маған ұлымның қазасы жайында қаралы хабар әкелдің. Домбыраңның күйін тыңдап, бәрін ұқтым. Мұндай хабар үшін өлім жазасына лайықтысың. Бірақ өзің бір ауыз тіл қатпағандықтан, жазаны домбыраң тартсын. Оның сағағына қорғасын құйыңдар!»- депті. Осылайша , қаралы хабар үшін ешбір адам зардап шекпепті, тек домбыраның көмейіне балқыған ыстық қорғасын құйылады. Сол кезден бері домбыраның шанағында тілік тесік пайда болыпты. «Ақсақ құлан - Жошы хан» күйі осылай туыпты-мыс.
Халық аңызы
Арба — ертеде әскери көлік ретінде қолданылған, кейін жол жүруге, жүк тасуға, сондай-ақ уақытша жылжымалы тұрғынжай ретінде пайдалануға арналған көне көлік түрі. Соғыс қимылдарына, әр түрлі рәсімдер атқаруға, спорт жарыстарына қолданылған әскери арбалар Вавилон өңіріндегі көне Киш қаласы орнынан (қазіргі Охеймир қалашығы, Ирак), шумерлердің қала-мемлекеті Үрімнен (Ур, қазіргі Тель-Мукайяр қалашығы, Ирак), Кавказдан, т.б. жерлерден табылды. Олар біздің заманымыздарн бұрынғы 3-мыңжылдықтың ақырында, тіпті одан да бұрын қолданылған. Әскери арбалар Шығыстағы ежелгі мемлекеттерде (Мысыр, Ассирия, Персия, Қытай, Үндістан, т.б.) ұрыс кезінде кеңінен пайдаланылды. Әскери арбаның бірнеше түрі болған. Жалғыз не екі ат жегілген қос доңғалақты арбада екі жауынгер – ат айдаушы және найза, қылыш, садақпен қаруланған сарбаз отырған. Төрт ат жегілетін төрт доңғалақты әскери арбалардың тертесіне найза, дөңгелек оқтықтарына шалғы бекітілген. Аттарға сауыт-жабу жабылған. Арбалы әскер алдыңғы шепте әрекет етті. Жаяу әскер олардың соңынан жүріп отырды. [1] Көшпелі халықтар арбаны қорғаныс құралы ретінде де пайдаланды. Арбалы көш жау шабуылы кезінде дөңгелек шеңбер жасап, қорғаныс шебін құрған. Ат жалын тартып міне алатындар «қорған» сыртында тұрып айқасқа кіріседі. Бұл сонау сақ, ғұн дәуірлерінен бері келе жатқан үрдіс. Ертедегі сақ-скифтер жазда жайлауға, күзде күзеуге, қыста қыстауға арбамен көшіп-қонды. Жеңіл арбаларға (күймелердің әуелгі түрі) парлап ат жекті, ал жүк арбаларына мойынтұрықты қос өгіз жегілді. 568 ж. Батыс түрік қағанатының билеушісі Дизабул Истеми қағанның қабылдауында болған Византия елшісі Земарх, қағанның ою-өрнектермен безендіріліп, жібек маталармен әсемделген шатыр ішінде, доңғалақты биік тақта отырғанын жазады. Бұл қағанның көші-қонда, жорықта қолданатын тақ орнатылған күймелі арбасы болса керек. Күйме – арба үстіне ағаштан қиып жасаған, ішін киізбен қаптаған терезелі, доңғалақты әрі көлік, әрі үй. Оған екі не бірнеше ат жегеді. Арбаның ағаштан қиып жасаған әр түрлі күймесі болады. Күймені ішінен киізбен не басқа нәрсемен қаптап қояды. Күйменің ішінде ұйықтауға да, тамақ ішуге де, жазуға да болады. Орта Азия мен Таяу Шығыс елдерінде арық-атызды жерлермен жүк тасу үшін доңғалақтарының диаметрі 2 м-ге дейін жететін қос доңғалақты арбалар пайдаланылған. Оларды қазақтар «қоқан арба» деп атаған. Сол «қоқан арбалардың» бірі Қожа Ахмет Иасауи кесенесі жанындағы мұражай-үйде тұр. Жеңіл арбалар негізінен жол жүруге арналады. Арба түрлері шаруашылық, тұрмыс қажеттіліктеріне байланысты үнемі жетілдіріліп отырған. Қазіргі кезде де жер-жерде жеміс, көкөніс, сүт, жұмыртқа, т.б. азық-түлік өнімдерін тасу үшін пневматикалық шиналармен, шарикті подшипниктермен жабдықталған қос доңғалақты, төрт доңғалақты жүк арбалары қолданылады.
Кеме
Кеме — мұхитта немесе теңізде не су астында жүзе алатын, жүк немесе жолаушылар тасуға және басқа да істерге арналған су көлігі.
Алғашқы кезде суда жүзу үшін адамдар ағаш діңінен салды, кейіннен ағаш діңінен ойылып жасалған қайықтарды пайдаланды. Бұлар ескек көмегімен қозғалысқа келтірілді. 15-ғасырдан бері ескек орнына желкен пайдаланыла бастады. Доңғалағы бу күшімен айналатын алғашқы кеме: Англияда 1802 ж., АҚШ-та 1807 ж., Ресейде 1810 ж. жасалды. 19-ғасырдың 2-жартысынан бастап кеме жасауға темір құралымдары кеңінен пайдаланылды.
Пайдалану мақсатына қарай кеме азаматтық және әскери кеме болып ажыратылады: 1) азаматтық кемелер — көліктік, кәсіптік, арнайы мақсатқа арналған, спорттық кемелер болып бөлінеді. Көліктік кемелер жолаушылар немесе жүк тасуға арналады. Сұйық заттар (мұнай, бензин, спирт, шарап, сұйытылған газдар, т.б.) тасымалдайтын кемелерге (танкерлер) сұйық заттар құбырлар арқылы құйылады.
Қос корпусты (өзара ортақ палубамен біріктірілген параллель корпусты) не қалтқы балансирлі жалғыз корпусты кеме – катамаран деп аталады. Катамаранның жүзгіштігі жоғары және орнықты болып келеді. Оның балық аулауға, жолаушылар және жүк тасуға, спорттық-туристік, т.б. түрлері бар.