Менің отбасым
Менің отбасым өте үлкен. Біздің үйде атам, әжем, әкем, анам, ағам, қарындасым және мен бәріміз бірге тұрамыз.
Атам мен әжем зейнеткерлер. Зейнетке дейін атам мал дәрігері, ал әжем есепші болып жұмыс істеген.
Әкемнің аты - Олжас, жасы қырықта, қаржыгер болып жұмыс істейді. Анамның аты - Алуа, жасы отыз сегізде. Анам ауруханада дәрігер болып жұмыс істейді.
Ағамның аты - Сабыржан, жасы жиырмада. Сабыржан университетте білім алуда, болашақ заңгер. Мен мектепте оқимын, жасым он төртте. Қарындасымның есімі Аяужан, ол үшінші сыныпты оқиды.
Біз отбасы болып демалғанды ұнатамыз. Демалыс күндері ауа райына байланысты не серуенге шығамыз, не бәріміз ойын ойнаймыз. Ата - анамыз бізді салауатты өмір салтына сай тәрбиелеуде.Бәріміз де спорттың әр түрімен айналысамыз. Ағам бокспен шұғылданса, мен жеңіл атлетика үйірмесіне қатысамын, ал қарындасым жеңіл атлетика үйірмесіне қатысады.
«Үлкен кісі - шежіре» демекші атам мен әжем әрқашан бізге ақылдары мен өсиеттерін айтып, тәрбиелеп отырады. Атам мен әжем өте қонақжай кісілер. Біздің үйге қонақ жиі келеді. Қонақ күткенді бәріміз ұнатамыз. Алыс жақындағы туған - туыстардың бәрі біздің қалаға жолдары түссе, біздің үйге келіп, ат басын тірейді. Біздің отбасымыз өте тату. Мен отбасымда жақсы көремін!
Ата-ананың қадірін білмеген - халық қадірін білмес.
Халқымыздың байырғы ұғымында баланың анасы алдындағы парызын өтеуі ана сүтін ақтау деп аталады. Ана баланы тоғыз ай көтеріп, толғатып, дүниеге келтіріп қана қоймайды. Өмір есігін жаңа ашқан нәрестенің бойына туған елінің рухын сіңіретін, балбыратып уататын тұңғыш тәтті сазы, жылауын қойғызатын ән өлеңі де сол ғазиз ана бесікке сүйеніп отырып, емірене айтатын бесік жыры. Ал нәресте өмірінің нәрі – Ана сүті.
Ана – отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері. Дәстүрлі қазақ отбасында ата-ананың қадірі ерекше әспеттелген. Әсіресе, тіршіліктің қайнар көзі, махаббаттың шуақ күні, мейірімнің кәусәр бұлағы – Ана есіміне қатыссыз дүниеде қасиетті ештеңе жоқ. Сондықтан ананы ардақтамайтын халық та жоқ. Оның жөнін халық: «Ана сүтін Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарып келсең де, өтей алмайсың»,- деп түсіндіреді.
Теңіздей тербелген өмір толқындарынан баласын аман алып қалу үшін барын салады. Сондай зор махаббатпен өсірген өрені қартайған шағында мейірімге бөлер ме екен? Баласының болашағы үшін бар өмірін арнаған ата-анасы қартайып аз ғана көрер жарығы қалғанда оны сүйіспеншілік пен мейірімге бөлей алмаған адамның адамгершілігі бар деп айту қиын. «Ата-анаңның қадірін балалы болғанда білерсің» деп бабаларымыз жырлағандай «ата-анаға не істесең, алдыңнан сол шығады». Анаңды құрметтемесең, анадан несін туасың? Адамды құрметтемесең, адамнан несін туасың? – деп жырлаған екен халқымыз. Қандай өркениетте болсын, қандай ұлттарда болсын ата-анаға деген құрмет ешқашанда өзінің құндылығын жоғалтқан емес, ата-анаға ең биік орын беріп ерекше бағалайды. Ұл-қызымыз ұлағаттылықты ұстанып, инабаттылыққа ұмтылып, арын кірлетпей, кіршіксіз таза ұстап, ата-ананың алдында адалдығынан ажырамай өмір сүрсе, аналар да жыламас еді, жетімдердің де көзі жәутеңдемес еді.
Перзент – ата-ана еккен ағаштың жайқалған жасыл жапырақтары, әке мен шешенің өз қолдарымен мәпелеп өсірген ағаштың көптен күткен жемісі. Алғашында ата-ана перзент панасы болса, кейін керісінше әр перзент ата-ананың панасы болуы оның пенделік, перзенттік парызы. Қызын қуыршақтай, ұлын құлыншақтай қылып алақанында аялап өсірген жемісінің дәмін тату, бейнетінің зейнетін көру – әр адамның арманы. «Балаң жақсы болса, жердің үсті жақсы, балаң жаман болса, жердің асты жақсы» депті бағзы бабаларымыз. Ата-анасының қадіріне бармаған бала құдды құрт түсіп, шіріген жеміс іспетті. Бала емес, бәле өсіргенін кейіннен түсіну – көңілдің күйікті күйініші, өзекті өртейтін өмірдегі өкініші.