Оқылым . 1-мәтін
Қыс қатты. Қар қалың. Қасқырды қар көтереді. Атты көтере алмайды. Мұның бәрі екі қасқыр жайындағы Қараадыр елінің аңыз-әңгімесі еді. Жиын болып көпшілік бас қосса, көп әңгімелері екі қасқыр жайында болатын. Көксерек семіргенде, ірілеп өскенде — осындай даңқ, атақ ішінде семіріп, өсіп келе жатыр еді. Осы күйлердің бәрімен қатар, Көксерек оңашада елсізде қатты ойыншы болатын. Түс кезінде, я таңертең бір малды тасада аунатып жеп алып, елсіздегі қашандау жатақтарына қайтады. Сондайда ақ қасқыр жүрістен талып келіп тынығып жатса, Көксерек айналасында қар боратады. Жүгіріп екпіндеп кеп тістеп өтеді. Басынан асып аунап түседі, кейде ақ қасқыр ырылдап тісін сақылдатып, құлағын жымитып, ашумен тап береді. Ондайда Көксерек те қатты қорылдап гүр-гүр етеді. Кейде секіріп кеп ақ қасқырдың желкесінен қапсыра тістеп алып, қысып тұрып-тұрып барып қоя береді. Екеуі осыдан әрі ұзасып барып таласпайды. Артынан Көксерек қайта ойнайды.
2-мәтін
Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» әңгімесінде ауыл баласы Құрмаштың қасқырдың күшігін асырап алуы жайында. Қаламгер туындысында табиғаттағы тағылық заңы, адам мен жан-жануар арасындағы шекараны шебер суреттейді. Көксеректі күшік кезінен қамқорлықпен құшағына алып, мәпелеп өсірген Құрмаш сүйкімді бөлтірігін кімнен де болсын қорғаштағанымен, ауыл ақсақалдары қасқырдың бөлтірігінен секемденіп, тағылық заңның өзгермейтінін бала Құрмашқа түсіндіруге тырысады. Әйткенмен, өсе келе далаға қашып, бірнеше күн қатарынан бой көрсетпеуге дағдылана бастаған Көксерек арада біраз уақыт өткен соң бір топ қасқырды бастап, өзге ауылдармен қатар Құрмаш ауылының қойларына да шабуыл жасай бастайды. Мұның арты Көксеректің қой бағып жүрген Құрмашқа шауып, қамқор болған иесін өлтіруіне ұласады. Адамзат пен жануар әлемінің заңы басқа және ол тоғыспайды да. Тоғысқан жағдайда, артының жақсылыққа апармасын әңгімеден ұғынғандаймыз.
1. Қай тақырып екі мәтінге де ортақ?
А) Тазыны асырап алу
В) Қараадыр қасқыры
С) Ауылдың аңыз-әңгімесі
Д) Қасқырлардың қырылуы
2. Екі мәтіннен мына сөздердің синонимін табыңыз.
а. тойынып -
б. жабайы -
3-4. Мәтіндерді салыстырып, ұқсастығы мен айырмашылығын анықтаңыз, кестені толтырыңыз.
1-мәтін 2-мәтін
Түрі, жанры
Стилі Тілі
5. Сұраққа жауап беріңіз. Егер сіз автор болсаңыз, әңгіме мазмұнына қандай өзгеріс енгізер едіңіз?
Жазылым . Бұл бөлімде 2 сұрақтың біреуіне жауап жазыңыз. Жауапты тиісті стильге келтіріңіз. Жазба жұмысында демеулік шылауларды тиімді пайдаланып, сөздерді орфографиялық нормаға сай жазып, қосымшаларды дұрыс жалғауға мән беріңіз, сөйлем ішінде, соңында қойылатын тыныс белгілерін орынды қолданыңыз.
Қай сұраққа жауап беретініңізді көрсетіңіз. Тиісті шаршыға қанат белгісін (•) қойыңыз.
1. Табиғатқа, жануарларға, құстарға адам қолынан қастандықтар көптеп жасалуда деген пікір айтылады. Бұған кім кінәлі? Осы көтерілген мәселе бойынша келісу-келіспеу себептерін айқындап, эссе жазыңыз.
2. Халқымыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Бала – өте нәзік те сезімтал а қалайша тәуелсіз, бірегей, мақсатты етіп тәрбиелеуге болады? Өз позицияңызды ұстанып, аргументтер келтіре отырып, эссе жазыңыз.
«Қызыл кітап не үшін керек?» диалог.
Ахметжан: Достым, бір сұрақ қойсам, жауап бере алады ма екенсің?
Мадияр: Білмеймін, қане сұрап көр. Тексерейік.
Ахметжан: Қызыл кітап не үшін керек?
Мадияр: Жойылып кету қаупі бар өсімдіктер мен жануарларды енгізіп, оларды қорғауға алу үшін?
Ахметжан: Дұрыс айтасың. Ал елімізде «Қазал кітапқа» енген өсімдіктерден бір – екеуін атай аласың ба?
Мадияр: Қиын сұрақ екен. Жауап бере алмаймын. Ал сен ше білесің бе?
Ахметжан: Мен де бұрын біле қоймайтынмын. Ал қазір биология пәнінен өтетін республикалық жарысқа дайындалып жүргендіктен, оқып –жаттап жүрмін.
Мадияр: Сонда қандай өсімдіктер енгізілген екен?
Ахметжан: Жалпы «Қызыл кітапта»140 түрдің таралуы, олардың қорғау мен мәдени түрде өсірілуі жайлы мәліметтер берілген екен. Әрине, мен әлі бәрін оқып үлгерген жоқпын.
Мадияр: Сонда «Қызыл кітапқа» өсімдіктерге не үшін енгізеді екен?
Ахметжан: Түрдің бұл кітапқа енгізілуі, оған ерекше көңіл бөлу керек екендігін білдіреді, көбіне арнайы қорғау шаралары қажет, әйтпесе түрдің мүлдем жоғалып кетуі мүмкін. Қазақстан үкіметі 1978 жылдың қаңтарында Қызыл кітапты құру туралы қаулы шығарды.
Мадияр: Сонда мен дұрыс түсінсем, «Қызыл кітапқа» енгізілген өсімдік ерекше қорғауға алынады ма?
Ахметжан: Дұрыс айтасың. Мысалы кәдімгі емен, ақтұңғиық, сарғалдақ, қызғалдақ, кілегей т.б секілді өсімдіктерді жинауға тыйым салынған (тек ерекше жағдайда арнайы рұқсатпен ғана). Қызыл кітапқа енгізілген өсімдіктерді заңсыз жинаса немесе зақымдаса, әрбір данасына 360 теңге айып төлейді ) 2001 жылы 12 қыркүйектегі №1186 Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы.
Мадияр: Мен ол жағын білмеппін, енді біліп жүретін болдым.