Наурыз мейрамы — ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Қазіргі күнтізбе бойынша (наурыздың 22) күн мен түннің теңесуі кезіне келеді.Көне парсы тілінде нава=жаңа + рәзаңһ=күн, «жаңа күн» мағынасында, қазіргі парсы тілінде де сол мағынамен қалған (но=жаңа + роуз=күн; мағынасы «жаңа күн»), яғни «жаңа жылды» (күн өсуін белгілеуі) білдіреді.
Наурыз – көне мейрам. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан орын алған. Бұл мейрамды ежелгі гректер “патрих”, бирмалықтар “су мейрамы”, тәжіктер “гүл гардон”, “бәйшешек”, “гүлнаурыз”, хорезмдіктер “наусарджи”, татарлар “нардуган”, буряттар “сагаан сара”, соғдылықтар “наусарыз”, армяндар “навасарди”, чуваштар “норис ояхе” деп түрліше атаған. Әбу Райхан Бируни, Омар һайям, т.б. еңбектерінде шығыс халықтарының Наурызды қалай тойлағандығы туралы мәліметтер мол. Мысалы, парсы тілдес халықтар Наурызды бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күндерде әр жерге үлкен от жағып, отқа май құяды; жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжайды; жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже “сумалак” ұсынады; ескі киімдерін тастайды; ескірген шыны аяқты сындырады; бір-біріне гүл сыйлап, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою – “күн символын” салады; үйдегі тіреу ағашқа гүл іледі; түрлі жарыстар (жамбы ату, т.б.) ұйымдастырады.
Қазақстанда Наурыз мейрамы үш күн: 21-23 наурыз аралығында аталып өтіледі (2010 жылдан бастап). Жалпы, Наурыз парсы, кавказ және түрік халықтарының арасында көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады. Ол Иранда 21 наурызда, Орталық Азия елдерінде және Әзірбайжанда, мемлекеттік мереке ретінде Тәжікстанда және Қазақстанда - 22 наурызда, Өзбекстан мен Түркияда 21 наурыз күні аталып өтіледі.
Қазақтың тілі мен ділі, ұлттық рух жолында аянбай қызмет еткен қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов ұлтжандылықтың тамаша үлгісін, ұлы болмыстың өнегесін іс жүзінде дәлелдеген ақын. Ол 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы, Қасқасу ауылында дүниеге келген. Ақын 1969 жылы Шымкент пединститутын бітірді. Мұхтар Шаханов 1961-1965 жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, 1965-1970 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің оңтүстік облыстарындағы тілшісі болып қызмет атқарды. Болашақ ақынның алғашқы өлеңі «Сырдария» (1959) деп аталады. 1966 жылы Мұхтар Шахановтың тұңғыш өлеңдер жинағы «Бақыт» деген атпен жарық көрді. 1970-1971 жылдары ақын Шымкент облыстық комсомол комитетінде сектор меңгерушісі, 1971-1976 жылдары ҚР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитеттің аға, бас редакторы, ал 1976-1979 жылдары ҚР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеттің бөлім бастығы қызметін атқарды. 1974 жылы Мұхтар Шахановтың «Қырандар төбеге қонбайды», 1979 жылы «Ғашықтық» атты жинақтары жарыққа шықты. Ақын 1984-1993 жылдары «Жалын» альманағының бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы (1986 жылдан бастап) қызметтерін атқарды. Осы жылдары ақынның «Махаббатты қорғау» (1982) және «Ғасырларды безбендеу» (1988) атты өлеңдер, мен поэмалар жинақтары басылды.
Мұхтар Шаханов өлеңдерінің әрбір жолы жігеріңді жанып, рухыңды асқақтатады. Ақынның өлеңдерінде күрескерлік сарынмен бірге, адамзат өмірінің ағысын білдіретін, табиғаттың даму заңдылықтарын бейнелейтін, ойшыл өлеңдері бар. Ақын өмірдің басты тұтқасы – адам, адамға жақсылық жасауы деп түсінеді. Сол себепті «елімнің ағасындай» жақсылар жарық дүниеге ізгілік үшін келуі тиіс деп түсінеді. Шындықты, ақиқатты тануға шақыратын ақынның «Танакөз» поэмасы шынайы достық, адал махаббат, қайырымдылықты дәріптесе, «Сейхундария» Сырдария туралы көне аңыздардың желісіне құрылған, «Нарынқұм трагедиясы» күрескер ақын Махамбеттің ерлікке толы өміріне арналған. Оның өлеңдерінде адам сезімі жалаң суреттелмейді, қоғамдық-әлеуметтік мәселелермен қосақтаса, қабаттаса бейнеленеді. Бұған дәлел – «Жеңілген жеңімпаз хақындағы Отырар дастаны немесе Шыңғыс ханның қателігі» атты поэмасы Отырар тағдырын суреттейді.