Менің сүйікті спортым.
Әр адамның өзінің талғамы мен икеміне сай спорт түрі бар. Мысалға, біреулер қарсылартармен жекпе – жекке шығып, күш сынасқанды ұнатса, енді кейбір адамдар керісінше, қарсыластарын логикасымен жеңгенді ұнатады, тағы біреулері жылдамдықпен байланысты спорт түрлерін жақсы көреді.
Осы орайда, менің сүйікті спорт түрім – мәнерлеп сырғанау. Бұл спорт түрінде спортшы конькимен сырғанап, музыка сазына сәйкес әсем қимыл жасайды. Мәнерлеп сырғанау алғаш рет Ұлыбританияда пайда болған. 1763 ж. Лондонда Б.Вест мәнерлеп сырғанаудан алғаш рет өнер көрсеткен. Мәнерлеп сырғанаудың жекелей, жұптасып, топтасып сырғанау және мұздағы би түрлері бар. Жекелеп сырғанауда міндетті және еркін жаттығудан спортшы өзінің қабілеті мен шеберлігін көрсетеді, ал жұптасып сырғанауға жігіт пен қыз қатысады. Мәнерлеп сырғанауда қозғалыс түрлі болуы мүмкін: баяу, немесе жылдам. Музыканың ырғағына байланысты спортшы түрлі қимылдар жасайды: айналады, секіреді, мұз үстінде жүгіреді. Мәнерлеп сырғанау адам бойында кербездік пен сұлулықты дамытып, адамды шыңдай түседі. Бірақ өте әдемі спорт түрі болғанымен қиындығы да қатар жүреді. Мысалға, айтатын болсақ, бұл спорт түрінде ауыр жарақаттар жиі кездеседі, екіншіден, жаттығу жұмыстары күнделікті бірнеше сағаттан болып отырады, көп қаражат пен уақытты талап етеді. Дегенмен, осы қиыншылықтардың бәрінен бас тартпай, осыншама әсем спорт түрімен айналысатын спортшылардың алдында бас игім келеді.
Мен болашақта үлкен спортшы болмасам да, бұл спорт түрімен өзім үшін айналысамын, сонымен қатар осы спорт түрінен өткізілетін барлық жарыстарды үзбей көріп отырамын.
Менің сүйікті қалам
Алматы - менің сүйікті қалам. Не себепті деп сұрасаңыз, Алматы - Алатау бөктерінде орналасқан ғажайып, әсем қала. Алматыда ауаның өзі ерекше таза болып көрінеді. Оның көркіне көз тоймайды. Тамаша табиғаты аспанмен таласқан заңғар тауларымен, сарқырап аққан өзен-суларымен, көк майса, жасыл желегімен, апорт алмасымен ерекше. Ал жылдан жылға саны артып жатқан зәулім ғимараттардың құрылысы мен көркін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Алматының басты көрікті орындары - Медеу мұзайдыны, Шымбұлақ курорты, Көктөбе. Халық демалу үшін жиі баратын Көктөбеден Алматы алақандағыдай көрінеді. Ол жерден қаланың ғаламат көрінісін, ерекше сәулетін тамашалай аласыз.
Сонымен қатар, Алматыда Тұңғыш Президент саябағы, орталық цирк, Горький саябағы, орталық мұражай, Әуезов атындағы театр, Абай атындағы опера және балет театры сынды мәдениет орындары - халық көп баратын орындар бар.
Алматы Қазақстанның мәдени астанасы болып есептеледі.