Тараз – Қазақстан қалаларының ішіндегі ең ежелгілерінің бірі, тіпті ол VІ ғасырдың деректерінде кездеседі. 568 жылы Талас өзені жағасындағы қалада түрік қағаны Дизабула өзінің керемет ставкасында Византия елшісі Земархты қабылдаған. Бұл туралы В.Бартольдтың «Орта Азияға ғылыми мақсатпен сапардың есебі» кітабында жазылған. 629 жылы Сюань-Цзян Тараз (ежелгі аты – Далосы) қаласының Цзяньцюаннан батысқа қарай 140-150 ли қашықтықта тұратынын және оның шеңберінің 8-9 ли екендігін айтады. Қалада әртүрлі елдерден келген көпес-саудагерлер мен хусилардың (согдийлықтардың) тұратыны және олардың тілі мен әдет-ғұрыптарының, заңдарының Қытайдағы сияқты болатыны туралы жазылған (Зуев Ю.А. Суяб туралы Қытай деректері. 91б.). Біз бұл деректерді Тараз қаласының аса ертеден келе жатқан қала екендігі жайлы мәлімет үшін беріп отырмыз.
Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы бүгінде Отырар аталатын, Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасындағы Фараб қаласында дүниеге келді (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Отырар қаласының маңайындағы ортағасырлық қала). Фарабидің толық аты-жөні Әбу-Насыр Мұхаммед Иби Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан Әл-Фараби. Әл-Фараби түрік тайпасының дәулетті бір ортасынан шыққаны бізге мәлім, бұған дәлел оның толық аты жөнінде "Тархан" деген атаудың болуы. Туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар Барба-Фараб деп атап кеткен, осыдан барып ол Әбу Насыр әл-Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған. Сол тұста өмір сүргендердің қалдырған жазбаларына қарағанда, Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған.