Жеті - қасиетті сан.
Қазақ - ырымшыл халық. "Қасиетті" сандарды білмейтін адамдар жоқ шығар: «үш», «төрт», «бес», «жеті», «тоғыз», «он үш», «қырықты» бала күнімізден естіп, біліп жүрміз.
Жеті саны киелі мәнде халық санасына, ұлттық ұғымға мықтап бекіген. Бұл санның тұрмыс-тіршілікте, халық фольклорында, діни ұғымдардағы маңызы ерекше. Оған дәлел, аптада неше күн бар – жеті, аспан неше қабат – жеті, жер неше қабат – жеті. Міне, қызық, бәрі де жеті. Нөсерден кейінгі жаратушының жаршысындай жауынмен жарысып шығатын кемпірқосақтың түсі – жеті, осыған қоса жинақтау сандары да жетімен шектеледі: біреу, екеу, ұшеу, төртеу, бесеу, алтау, жетеу. «Сегізеу», «тоғызау» болып айтылмайды. Міне, айта берсек «жеті» санының «сиқырын» сипаттайтын құбылыстар жетерлік. Қазақ халқының салт-дәстүрінде де жеті санының орны бөлек. «Жеті атасын білмеген – жетесіз», «жеті атасын білген ұл жеті жұртқа жөн айтар», «жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» немесе «жеті атадан әрі ғана қыз алысу заңы», яғни араға жеті атаны салып құда түсу әдеті ғасырлар бойы сақталып келеді. Жеті саны кейде жақсылықпен байланыстырылып айтылса, кейде жамандықпен де байланысып жатады. Мысалы, қазақ «жұт жеті ағайынды» дейді. Бұл тіркес халықтың басына аласапыран заман туып, ашаршылық, бүліншілік, індет, ауру келсе айтылады. Халық жеті жұтқа мыналарды жатқызады: құрғақшылық, жұт (мал қырылу), өрт, оба (ауру), соғыс, топан су, зілзала. Жеті санына байланысты культтік фразеологизмдер басқа сандарға қарағанда жұмсалу өрісі кең. Оларға: жеті ғашық, жеті шәріп (әулие); жеті қазына, жеті ғалам, жеті күн, жеті жұт, жеті жоқ, жеті қат көк т.б. жатқызады.
Сурет салу - өнер.
Жоспар:
1. Хобби туралы.
2. Менің өнерім.
3. Менің арманым.
Әр адамның өзіндік талғамы мен ішкі дүниесіне сай өнері болады. Біреулер би билеп, өз орнын тапса, енді біреулер ән айтады, басқалары спортпен шұғылданады.
Ал менің бойыма біткен өнер - сурет салу. Сурет салумен мен үш жасымнан айналысамын. Арнайы өнер мектебінде сурет салу бойынша қосымша сабаққа барамын. Сурет салуда бір құпия бар сияқты, өйткені сурет салу барысында өзіннің қиялыңа еркіндік беріп, ойыңдағы нәрсені сурет арқылы білдіресің.
Сурет салуға бар бос уақытымды арнап, талантымды шыңдауға тырысамын, әлемге әйгілі суретшілердің қаламдарынан шыққан туындыларды тамашалап сусындаймын.
Қаладағы көркемсурет галереясының бірде бір көрмесін жіберіп алмай, міндетті түрде барып тұрамын, себебі белгілі қылқалам шеберлерінің туындылары ешкімді де бейжай қалдырмасы анық, әрі осы арқылы рухани азық алып, сусындауға болады. Сонымен қатар қазіргі таңда аса танымал болған шеберлік сабақтарына қатысып, бұрын білмеген нәрселерімді үйренуге тырысамын.
Алдыма мақсат қойып, болашақта аты әлемге танылған әйгілі суретші болуды армандаймын.