Байтұрсынұлы шығармашылық жұмысын өлең жазудан бастаған. Онда ол еңбекші халықтың ауыр халін, арман-тілегін, мұң-мұқтажын көрсетіп, жұртшылықты оқуға, білім-ғылымға, рухани биіктікке, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге, еңбек етуге шақырады. Патшалық Ресейдің қанаушылық-отаршылдық саясатын, шенді-шекпендінің алдында құлдық ұрған шенеуніктердің опасыздығын сынады.[9]
Ақынның алғашқы өлеңдері «Қырық мысал» атты аударма жинағында 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрді. Бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар жігер-қайратын, білімін жұмсайды. Ақын әрбір аудармасының соңына өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған.
Байтұрсынұлының екінші кітабы — «Маса» (1911). Бұл кітапқа енген өлеңдерінде ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді сынады. Көптеген өлеңдері сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес болды. Ол Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырған дәстүрлерді, гуманистік, демократиялық бағыттағы өрісті ойларды өзінше жалғастырушы ретінде көрінді. Қоршаған ортаға ойлана, сын көзімен қарайды, қоғам қалпына көңілі толмайды. «Қазақ салты», «Қазақ, қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» т.б. өлеңдерінің мазмұны осыны танытады. Кітаптың ішкі сазы мен ой өрнек, сөз орамы қазақ поэзиясына тән өзіндік жаңалық, ерекше өзгеріс әкелді.
Бізде Қараханидтер дәуіріндегі екі үлкен әдеби ескерткіш бар. Біріншісі-Баласағұн ұлы Жүсіп Баласағұнидің «Құтадғу білік», екіншісі-Махмұт Қашқаридің «Дивани лұғат ат-түрік» туындысы. Жүсіп Баласағұни «Құтадғу білікті» он сегіз айда жазды. Әлеуметтік мәні терең және халықтың моральдық -этикалық бағдарламасы болып табылатын бұл туынды Қарахан мемлекетінің билеушісі Табғаш Арслан хан Богратегинге ұсынылды. Бұл классикалық туынды сол кезде тарихи -идеологиялық, психологиялық -педагогикалық, әдеби -мәдени дәстүрлердің, көркемдік -эстетикалық білімнің белгілі бір мектебі болғанын меңзейді. Мұндай ауқымды шығармалардың дүниеге келуі мен жазылуы тұтас шығармашылық кезеңнің нәтижесі.
Жүсіп Баласағын шығармашылығында ғылыми да, діни де деректер қолданылады, сондықтан ол интеллектуалды және рухани даму үшін азық ретінде бүгінгі күнге дейін өзекті болып табылады.