Наурыз – жыл басы, Ұлыстың ұлы күні. Күн мен түннің, ыстық пен суықтың, қыс пен жаздың, қараңғы мен жарықтың теңелетін, жер арқасы кеңіп, күллі тіршілік әлемі қайта түлейтін Табиғат мерекесі;
Наурыз - адамдардың қыс қыспағынан, жұт апатынан аман қалып, малы төлдеп, аузы аққа жаритын Шаруа мерекесі;
Наурыз - әрбір шаңыраққа шыраққа шырақ жағылып, «Қызыр түнін» күтіп, жақсылық құт-береке тілеп, ертеңгі күнге зор үмітпен қарайтын Сенім мерекесі;
Наурыз – жеті дәмнен Наурызкөже жасап, адамдардың бір-біріне дәм татқызып, дастарқан басында бірге отыратын Ынтымақ-бірлік мерекесі;
Наурыз – жыл бойы өткен-кеткен ренішті кедергісіз кешіріп, ән-күймен, ойын-сауықпен жанды жадыратып, сананы серпілтетін Көңіл мерекесі.
Ана - баласы үшін бар мейірімін аямайтын аяулы жан. Ол өз перзентінің еліне елеулі, халқына қалаулы болып өскенін қалайды. Ананың жанарынан үнемі мейірім нұры төгіліп тұрады. Ананың құшағы жылы, көңілі кең, жүрегі жұмсақ. Әрбір адам өз анасын құрметтеп, сыйлап жүруі керек. Себебі, қандай жетістікке жетсек те, ол - ананың берген тәлімді тәрбиесінің арқасы.
Ана мейірімі шексіз. Әрқашан аналарымыз аман болып, олардың мейірім нұрына бөленіп жүргенге не жетсін!