Астана арман қала
Астана - Еуразияның қақ ортасында орналасқан еліміздің бас қаласы. Бұрынғы аты - Ақмола, Елбасымыздың 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Астана қаласы болып өзгертілді. 1999 жылы ЮНЕСКО шешімі бойынша "әлем қаласы" атағын алды.
Жаңа қала Астана қарқынды дамып келеді. Небәрі жиырма жылдың ішінде қалада қаншама зәулім үйлер мен ғимараттар бой көтерді. Халық саны басында 270 мыңнан қазір миллион тұрғынға жетті. Елордада халықаралық, мемлекеттік ұйымдардың бас филиалдары орналасқан. 2011 жылы Астанада 7 - ші Азия ойындары өткізілген болатын, ал 2017 жылы Халықаралық EXPO 2017 көрмесі өткізілді.
Елордамыз әлемдік қартада өзіндік ерекше орны бар, қайталанбас тарихы мен мәдениеті бар астана ретінде танылған.
Қазіргі таңда астанамыз әлемдік, іскерлік байланыстың күре тамырына айналып отыр. Оның өзі Елбасының ізгі саясаты, көрегендігі мен кеменгер ойының жемісі, арманы, мақсаты, халқының тарихынан нәр алғандығы шығар. Астанамыздың шаңырағы биікке көтеріліп, уығы нық қадалып, керегесі келісті жайылды деуге болады. Астана қазірдің өзінде азиялық байтақтардың арасындағы ең бір еуропалық қала. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Еуразиялық ел екенін, оның астанасының орасан зор қос құрлықтың өкпе тұсында орналасқанын, демек келешекте қаланың осынау ұлан-ғайыр кеңістіктің қуатты желілері тоғысқан торабына, 21 ғасырдағы экономикалық, технологиялық, ақпараттар тасқынының арнасына айналатынын атап көрсеткен болатын.
Қазағын сүйген Мұхтар.
Қазақ ауыз әдебиеті мен қазақ әдебиеті тарихы, Абайдың өмірі мен шығармашылығы, әдебиеттану мен фольклордың теориялық мәселелері туралы біршама іргелі еңбектердің авторы, Қазақ халқының дүние жүзіне аты мәшһүр ұлы ойшыл-жазушысы, ғалым-ұстазы, мәдениет пен қоғам қайраткері, драмашы, публицист, аудармашы, әдебиет сыншысы, педагог, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, дүние жүзі әдебиетінің классигі,жаңа заманғы кәсіпқой қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі - Мұхтар Омарханұлы Әуезов 1897 жылдың 28 қыркүйекте бұрынғы Семей уезі, Шыңғыс болысындағы Қасқабұлақ деген жерде туып, балалық шағы көшпенді ауылда өтті. Ұлы тұлғаны қай қырынан зерттесек те, қай салада болмасын дарындылығы мен ерекше қабілетінің арқасында өшпес із қалдырған.
Әрине Мұхтар Әуезовтың есімін естігенде алдымен барлығымыздың ойымызға «Абай жолы» роман – эпопеясы келетіні сөзсіз. Себебі бұл роман - жазушының әдебиет жолындағы жарық жұлдызы, шоқтығы биік туындыларның бірі. Бұл туынды ұлттық танымы мен болмысын тамаша суреттеген. Бұл романды жазбас бұрын Мұхтар Омарханұлы он бес жыл бойы Абайдың өмірі мен шығармашылығын бар қырынан зерттеген екен. Аталмыш туынды тек қазақ халқының мақтанышы болып қана қоймай, сонымен қатар дүниежүзілік әдебиеттің классикалық шығармалары қатарына енген.