Кітапхана туралы диалог.
- Дана халқымыз «Кітап - алтын қазына» десе, ал кітапхананы өз басым іші қазынаға толы алтын сандыққа теңер едім.
- Ия, Маржан дұрыс айтасың. Сенімен толықтай келісемін. Бізді білім нәрімен сусындататын ғалым, тілсіз мұғалім – осы кітап. Тағылымы мол тәрбие ошағына айналып отырған кітапхананың мектепте алар орны орасан зор.
- Әрине, қазіргі заман ағымына қарай, техниканың дамығанына орай кітап оқу мен мектеп кітапханасына жазылу қалып барады. Сенің ойыңша, осы мәселені қалай шешуге болады?
- Менің ойымша осы мәселені барынша қолға алып, мектеп кітапханасының қорын кеңейтіп, қазіргі жастарға қызықты жазылған кітаптармен толықтырса, сонымен қатар түрлі әдеби кештер мен іс – шаралар ұйымдастырылып, жастарды кітап оқуға үгіттеу жұмыстары жүргізілсе, бұл мәселе оң шешімін табады деп ойлаймын.
- Ия, осы орайда мектебімізде де түрлі ауқымды іс – шаралар өткізілуде. Мәселен, келер аптада ұлы Абай атамыздың қара сөздері мен өлеңдерін жатқа оқудан әдеби кеш өткізілмек.
- Онда бұл шараға белсенді қатысу керек екен. Мен Абай шығармаланып сүйсініп оқып, көбісін жатқа да білемін.
- Әрине, қатысып көр. Оның үстіне жүлделі орын иелері қалалық байқауға жолдама алады.
- Ендеше бағымды сынап көрейін!
Ана туралы.
Әрбір адам үшін дүниедегі ең жақын адам ол - анасы. «Ана» деген сөз үш – ақ әріптен ғана құралса да, бұл сөзде орасан зор құдірет пен үлкен мейірімділік бар. Себебі, анамыз бізге баға жетпес сый - өмір сыйлады. Халқымыз "Анаңды үш рет Меккеге арқалап апарсаң да, ақ сүтін ақтай алмайсың" деген. Себебі әрбір ана баласы үшін түн ұйқысын төрт бөліп, ауырып қалса, уайымдап, кейін ержеткен кезде де әрқашан жанымыздан табылады. Ана деген - бұл өмірде ең жақын сырлас дос. Аналарымыз бізді сәби күнімізден бастап әдепті, мейірімді, ізетті болуға тәрбиелеп, бойымызға тек асыл қасиеттерді дарытуға тырысады. Осы ақ жаулықты аналарымыздың берген ізгі тәрбиесін бойымызға сіңіріп, салиқалы ұрпақ болып өссек, ата – аналарымыздың бізге артқан үкілі үміттерін ақтап, жерге қаратпасақ, нұр үстіне нұр болар еді деп білемін! Біз неше жасқа келсек, анамыздың жүрегі елжіреп, біз оларға әрдайым сәби болып қала береміз. Ал ақ жаулықты аналарымыздың қадірін өзіміз балалы болғанда да түсінеміз. Себебі, әрбір ананың жүрегі баласы десе елжіреп, жаны ашып тұрады. Неше жасқа келсек те, әрқайсымызға ана керек. Сондықтан аналармызды аялап, әрдайым қастарынын табыла білейік. Ананың пейілі мен мейірімін сезініп өскен балалар болашақта да жақсы болары сөзсіз. Бұл ретте "Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды"деген өлең сөздері өте дәл тауып айтылған деп ойлаймын.