А дүние есігін ашып, ата-ананың аялы алақанына қонғаннан кейін, оны күтіп-мәпелейді, маңдайынан жел есірмей өсіреді. Ер жеткеннен кейін алдына міндет-парыздары қойылады. Оны ата-ана емес, қоғам емес, саналы түрде адамның өзі таңдайды.
Менің парызым - ол Жаратушымыздың берген 5 парызы. Оған қосымша, адам ретінде өзіме ата-анамды құрметтеп, сыйлауды, еліме еңбек етіп, пайдамды тигізуді парыз деп білемін. Дұрыс ұрпақ өрбітіп, оларға дұрыс тәрбие бере білу де - үлкен парыз. Ол әрі парыздардың бастысы дер едім. Ұрпағыңа дұрыс тәрбие беру үшін өзіңді тәрбиелеп, өзіңді үлгі ете білу керексің. Сонда өзің де, ұрпағың да еліне еңбек сіңіреді. Ал халыққа бақыт сыйлау, өмірлерін көркейтуге кішкентай да болсын үлес қосу - зор бақыт.
Арғысы алты ғасырға созылатын қазақ әдебиетінің бастауында тұрған жыраулардың бірі һәм бірегейі – Жиембет Бартоғашұлы. Бір қызығы, туып-өскен жері, ата-қоныс атаулары күні бүгінге дейін өзгермесе де, кіндігінен тараған ұрпақтары өсіп-өніп, «жиембет тана» атанған бір қауымға айналса да, Батыс Қазақстан өңірінде Жиембеттің насихаты мүлде жоқ деуге болады.
Қазақтың ең атақты, ең әлеуетті хандарының бірі болған Еңсегей бойлы ер Есімнің оң тізесін басқан би, қол бастаған батыр, жалындап сөйлеген жырау бүгінде тіл мамандарын даярлайтын ЖОО-ларда бірер семестр жүретін «Хандық дәуір әдебиеті» атты курстың кейіпкері ғана болып қалған. Жиембет жыраудың өмірі мен өнерін, тарихтағы орнын, күні кешегі Махамбетке дейінгі жырауларға әсер-үлгісін ден қойып зерттеген ғалым жоқ секілді. Жыраудың аты-жөнінде, өмір жолындағы тарихи даталарда бірізділіктің болмауы сондықтан болса керек.