Алматының ресми тарихы 1854 жылдан басталады. Алматы өзенінің жағасында салынған бекініс көп ұзамай Верный деген атқа ие болған. Алайда ХVІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген мемлекет қайраткері, ақын Захириддин Мұхаммед Бабырдың шығармасында болашақ Алматының орнында Алмату атты ортағасырлық қала болғаны айтылады. «Үлкен Алматы» аймағын адамдар ерте кезден-ақ игерген. Х-ІХ ғасырларда мұнда отырықшы мекендер болған, олардың тұрғындары егіншілікпен, мал шаруашылығымен айналысқан. Қаланың сол жақ шетіндегі шағын мекенжайдан табылған қыш ыдыстардың Ферғанадан табылған ыдыстарға ұқсас болуы осы екі аймақ арасында қола дәуірінің өзінде мәдени байланыс болғанын дәлелдейді. Бұл байланыс кейініректе сақтар дәуірінде де жалғаса түсті. Ол кездерден «сақ патшалары» әулетінің аумақты оба-қорғандары бар. Қазіргі Алматының шығыс жағында үш қорғаннан тұратын бір топ ескерткіш сақталған. Есік қорғанынан табылған материалдар сақтартың белгілі адамдарын алтын киімдерімен, қару-жарақтарымен, асыл тастарымен қоса жерлегенін дәлелдейді. Ғұрыптық ескерткіштердің қатарына құрбандық сәкісі жатады. Соның ішінде Верный қаласының маңынан табылған, В.С.Стрельцов жариялаған «жетісулық алтарь» деп аталатын ескерткіш әйгілі болған. Ол – төрт сирақты аласа үстел. Үстелдің бет тақтайының ернеуіне қанатты барыстың 25 мүсіні салыныпты. Тағы да осындай құрбандық сәкісі Алматыда, ашылып қалған қорғаннан табылды. Ол төрт бұрышты, конус түріндегі тұғыры бар үстел. Төрт бұрышында қанатты барыс, табанының жиектеріне жеті жолбарыстың мүсіні салынған, ал ортасында екі түйенің бейнесі бар. Сақтардың өзгеше бір храмдары мен қасиетті орындарының бөлшектері, көпке белгілі «Қарғалы диадемасы» Алматы маңындағы көшпелілердің идеологиясы жөнінде білуге көп мүмкіндік туғызады.
Халық батыры И.Тайманұлы 1791 жылы қазіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Тайсойған құмындағы "Тайман жалы" деген жерде дүниеге келген. Исатайдың анасы Есентемір руының Тағашы бөлімінен. И.Тайманұлының төртінші атасы Ағатайдың (Тайман-Бегәлінің -Боқай-Ағатай) есімі қалмақтарға қарсы соғыста көрсеткен ерлігі үшін Беріш руының ұранына айналған Исатайдың жастық шағында оған ықпал жасап, қамқорлық еткен әкесі, Тайманның інісі - Жабал Бегәліұлы. 1808 жылы Жабал бастаған Бегәлі ауылы Бақсай бекінісі тұсынан Жайықтан өтіп, Бөкей ханның қарауына кіреді. Хан орысша сауатты, саясаттан хабары бар, халық алдында беделді Жабалды Беріш аулына старшина етіп қояды. Жабал қайтыс болғаннан кейін, оның орнына старшина етіп И.Тайманұлын қоюды сұрап, хан Бөкей 1812 жылы 12 наурызда Орынбордағы Шекара коммссиясына ұсыныс жасайды. Шекара комиссиясы 1813 жылғы қараша айында Бөкей ханның ұсынысын қуаттап, құжаттарды әскери губернаторға жібереді. Генерал губернатор Г.С.Волконский 1814 жылы 12-қарашада Исатайды старшиналыққа бекіту туралы құжатқа қол қояды.