«Туған жерге туыңды тік!» - деген дана халқымыз. Бұл – әрбір адамның кіндік қаны тамған жеріне ерекше сүйіспеншілікті білдіреді. Туған жері мен Отаны бар азамат өз ұлтының тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне арқа сүйеп қалыптасады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынып, жас ұрпақтың бойына сүйіспеншілік, патриоттық сезімді қалыптастыру керектігін атап өтті.
Туған жерге сүйіспеншілік туған тарихыңды тереңнен білуден басталады. Еліміздің әрбір тауы мен өзені, сайы мен қыры – тұнып тұрған тарих. Оған сай сол өлкеде халқына пана бола білген, ел есінде қалған біртуар перзенттер бар. Ал, олар жайында жас ұрпақтың білгені абзал. Сондықтан, білім беру саласында өлкентану жұмыстарын жүргізіп, тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру қажет. Тұңғыш Президентіміздің ұсынған «Туған жер» бағдарламасының мәні – осында.
Ескерткіш–
кең мағынасында — елдің, халықтың мәдени мұрасының жалпылама атауы. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығы мұражайлық, көрмелік маңызы бар заттар мен жылжымайтын ескерткіштерді (құрылыстарды, ғимараттарды, т.б.) қамтиды. Ортақ типологиялық белгілері бойынша ескерткіштерді негізгі 4 түрге бөледі: археологиялық ескерткіштер, тарихи ескерткіштер, сәулет өнері ескерткіштері, монументтік (мүсін) өнері ескерткіштері. Сондай-ақ, ескерткіштерге тарихи-танымдық немесе тарихи-көркем құндылығы бар жазбаларды да жатқызуға болады. Яғни адамзаттың көне заманнан күні бүгінге дейінгі дамуы жолындағы түрлі саладағы аса маңызды жетістіктерінің ерекше, қайталанбас заттық-рухани үлгі-нұсқаларын; адам өміріндегі оқиғаларды, белгілі бір елдің, халықтың басынан кешкен тарихи кезеңін еске түсіретін құндылықтарды, қастерлі мұраларды ескерткіш деп атау қалыптасқан. Оларды шартты түрде ауыз әдебиеті ескерткіші, жазба ескерткіш, өнер ескерткіші, сәулет ескерткіші, археологиялық ескерткіш, ұлттық дәстүрлі қолөнер ескерткіші, діни ескерткіш, т.б. деп те түрліше жіктеуге болады. Мәселен, адам қабірінің басындағы оба, қорған, дың, сондай-ақ, сақ дәуірінен, көне түркі, қыпшақтар кезеңінен жеткен тас мүсіндер, сынтас, сартас, құлпытас, қойтас, үштас, бестас, сағана, төртқұлақ, кесене, т.б. археологиялық және сәулет ескерткіштері — ең алғашқы ескерткіш түрлері қатарына жатады. Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау мемлекеттік деңгейдегі шара болып табылады және өскелең ұрпақ тәрбиесінің маңызды бөлігін құрайды