Уыз «сары уыз», «ақ уыз» деп екіге бөлінеді. Сары уыз әрі қоюлау, әрі желім сияқты жабысқақ болады. Ақ уыздың өңі сары уызға қарағанда ақшылды, әрі сұйықтау келеді. Сары уызды төлдің өзіне емізіп, ақ уызды сауып алып пайдаланады. Інген мен биенің уызын бота мен құлынға емізеді. Ал сиырдың, қойдың, ешкінің ақ уыздарынан әр түрлі тағамдар пісіреді. Қатырған уыз - уызды бүйенге, ащы ішекке немесе металл ыдысқа кұйып, қайнап жатқан судың ішіне салып пісіреді. Бір бұрқ етіп қайнағанда ыдысқа құйылған уыз шеміршектеніп қата бастайды. Одан соң оны ыдысымен бірге ыстық судан алып, салқындау суға салады. Сонда уыз қайнап піскен ғана жұмыртқадай болып шығады. Қатырған уызды сүр еттің үстіне турап салады. Төлбасы (алғашқы төл) туған күні соғымның етінен, шұжық асып, уыз қатырып, көрші-қолаңды шақыратын дәстүр болған. Пісіріленген уыз - уызға сүт қосып сұйылтып пісіреді. Уыз іріп кетпеу үшін оны ожаумен сапырып отыру керек. Уызға тары салып пісіруге болады. Уыз шайға құюға жарамсыз. Сондықтан оны қайнатып, сусын ретінде ішеді. Бір апта немесе он шақты күн өткен соң малдың сүті сұйылып, кәдімгі қалпына келеді. Түйенің уызына тайлақты түйенің сүтін қосып, іріп кетпеу үшін сапырып отырып пісіреді. Түйенің сүті басқа малдың сүтінен гөрі қоюырақ, калориясы көбірек болады. Бұзаулағанынан екі-үш күн өткеннен кейін сиырдың уызынан кейбір өңірлерде ірімшік жасайды. Ал қойдың, ешкінің уызын бүйенге құйып, кәдімгі қазы секілді суға салып қайнатады. Сондықтан қой сойғанда оның бүйен ішегін уызға деп алып қойғаныңыз жөн. Ішекте пісірілген уыз қоюланып қалады. Етсіз қонақ жөнелте алмайтын апаларымыз қонақтарына соғымнан қалған сүрмен қосып, ұсынады» Уыздың нәрлілік қасиеті кәдімгі сүтті екі орап алады. Уыз құрамында антиоксиданттар өте көп. Сондықтан ол ағзаның қорғаныш қасиеттерін арттырып, ас қорыту жүйесін ретке келтіреді. Анасының уызын тойып емген төл мықты болып өсіп, тез ширайды. Сондықтан қазақта «уызына жарымаған» деген сөз қалған. Бұл әлсіз және ауыршаң балаларға және төрт түліктің әлсіз төлдеріне де қатысты айтылады. Сиыр сүтінен жасалған уыздың адам ағзасына пайдасы өте зор.
Республикамыздың барлық жерiне тараған. Орман-тоғай, өзен-көлдер маңында, шөлдi және таулы өңiрлерден жиi ұшыратасың. Жыл құсы. Күз түсе, Африка мен Оңтүстiк Азияға ұшып кетедi. Жылына бiр рет, қыста түлейдi. Екiншi жылы ұрпақ бередi. Екi-екiден, кейде топтанып, шыңға, тiк жарға, кейде тұрғын үй қабырғаларына, ағашқа жапсыра ұя жасайды. Ұяны топырақ пен сазды сiлекейiн араластырып қалайды. Iшiне майда шөп, қауырсын, мамық төсейдi. Қарлығаштың кейбiр түрлерi жарға үңгiп iн қазады. Олардың тостаған тәрiздi, бетiн ашық етiп немесе қап, дорба тәрiздi етiп, кiрiп-шығатын тесiк қалдыра жасаған ұялары да бар.
Қарлығаш – пайдалы құс. Зиянды насекомдарды, әсiресе, шыбын-шiркейдi өте көп жеп, ауыл шаруашылығына пайда келтiредi.
Қарлығаштар жылына екi рет жұмыртқалайды. Алты-жетi күннен соң жасап бiтiрген ұясына 3-тен 7-ге дейiн жұмыртқа салады. Екi-үш аптада балапан басып шығарады. Балапандары алғаш қызылшақа болады. Балапандарына жем iздеуге шығарда ұядан құлап кетпесiн деп, аяқтарын қылмен байлап кетедi.
Ата-бабаларымыз қарлығашты ежелден жақсы көрген. Қарлығаштай сүйкiмдi, еңбекқор, ақылды болсын деп, қыздарына Қарлығаш деп ат қойған. Қарлығашқа көптеген аңыз-ертегi, мақал-мәтел, жұмбақтар, жыр жолдарын арнаған. Аңыз-ертегiлерде қарлығаштың адамдарға жасаған көмегi айтылады. Мысалы, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегiсi, Төле бидiң қалай «Қарлығаш би» атанғаны туралы аңыз… Қарлығашқа қатысты көптеген ырым-жорамалдар да бар. Мысалы:
Қарлығаш биiктеп ұшса – күн ашық болады.
Жер бауырлап ұшса – жаңбыр жауады.
Қарлығаш жылы жақтан оралған кезде қораға қонса, қой егiз туады. Ақ мол болады. Ал үй жақтауына немесе шатырына қонса, сол үйдiң жан басы көбейедi. Түсiңде қарлығаш көрсең бақытқа кенелесiң…