Қаныш Имантайұлы 1899 жылдың 12 сәуірінде қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында (бұрынғы Семей губерниясының Павлодар уезіндегі Ақкелін болысы) Имантай бидің отбасында дүниеге келді. Нәрестеге - Ғабдул-Ғани деген есім берілді. Үлкен ұлы Ғабдул-Ғазизді еркелетіп Бөкеш деген сияқты, Ғабдул-Ғаниын да анасы Әлима "Ғаниым, Ғанышым" деп атаған. Бала облыстық мектепке барғанда журналға есімі Қаныш болып жазылып кеткен. Арғын тайпасы Сүйіндік руы Қаржас бөлімінен шыққан[2][3].
Сауатын ауыл молдасынан ашқан болашақ ғалым, кейін Шорман ауылында орналасқан мектепке қатынай бастайды. Төрт жылдық бағдарламаны үш жылда аяқтайды. 1911 жылдан бастап Павлодардағы 2-сыныпты орыс-қазақ училищесіне аттанады. Аталған білім ордасын мерзімінен бір жыл бұрын бітіріп шығады.