Достық – адамдардың бір-біріне адал, қалтқысыз сеніп, бір мүдделі, ортақ көзқараста болатын қасиеті. Достық өзара жауапкершілік пен қамқорлықтың, рухани жақындықтың белгісі. Нағыз достық кісіге шабыт беріп, өмірде кездесетін түрлі сәтсіздіктерге мойымауға, басқа түскен қайғы мен қиыншылықты бірге көтеруге жәрдемдеседі. Дос-жарандардың мінездері әр түрлі болып келуі мүмкін. Мысалы, біреуінде қызбалық не шабандық, екіншісінде тұйықтық не жігерсіздік байқалса да, бұлар достыққа кедергі бола алмайды, қайта нағыз достық осындай кемшіліктерден арылуға көмектеседі. Сатқындық, екі жүзділік, өтірікшілік, өзімшілдік достықпен сыйыспайды. Қазақтың дәстүрлі әдеп жүйесінде достыққа үлкен көңіл бөлінеді. Халық арасында достық туралы мақал-мәтелдер жеткілікті: “Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады”, “Досы жақсының, өзі де жақсы”, “Дүниеде адамның жалғыз қалғаны — өлгені, қайғының бәрі соның басында”. Достыққа қарама-қарсы ұғым — қастық пен күншілдік. Мұндай сезімге ерік алдырғандар басқаның қуаныш-қызығын, ырыс-бағын көтере алмайды, дос дегеннің не екендігін білмейді. Дұрыс дос таңдай білу — өмірлік мақсаттардың бірі; Саясаттанудағы Достық ұғымы мемлекеттер арасындағы саяси, экономикалық, мәдени мүдде тұрғысынан ынтымақтастық орнату шараларын бейнелеу үшін қолданылып жүр. Қазір бізге достық бұрынғыдан бетер қажет. Достық – бұл өмірдегі ешнәрсемен бағаланбайтын құндылық. Дос табу оңай, ал оны сақтау одан да қиын. Достық қатынасқа нәзіктікпен қарап, берік сақтау керек. Өйткені ол да баптауды қажет ететін нәзік өсімдік сияқты. Біздер достықты сақтау үшін жан-тәнімізбен еңбектенбеуіміз керек. Қайтарымын қажет етпей, берудің жолдарын үйрену керек. Сенім мен жарқын көңіл – достықты берік ететін тірек саналады. Өзі шынайы дос бола білген адамның достары да көп болады және жер бетінде өзін жалғыз сезінбейді.
Алматы қаласы – мәдениет және қаржы орталығы Алматы - әлемдегі сұлу қалалардың бірі. Ол өте көрікті Тянь-Шань тауларының баурайында орналасқан. Алматының жасыл желегі, түзу көшелері, қазіргі заманғы аса сәулетті ғимараттары, гүлді алаңдары, сарқырап аққан бұлақтары, өзендері, көлдері, орманды таулары оны таңғажайып көркейтеді. Алматы – ірі мәдениет және қаржы орталығы. Қалада көптеген университеттер, академиялар, колледждер, кітапханалар, театрлар, түрлі демалыс парктері, спорт кешендері, қонақ үйлер бар. Алматы қаласының мәдени өмірі бай. Онда опера және балет, драма, қуыршақ театрлары, көптеген кинотеатрлар бар. Әдебиет, музыка, көркемсурет, сәулет өнері, кино, дизайн өнерлері жақсы дамыған. Мұнда әлемдік фестивальдар, конкурстар, конференциялар, көрмелер ұйымдастырылады, олар өнердің дамуына ықпал етеді. Алматы қаласындағы осы заманғы сәулет өнері үлгісінде салынған мәдени орындар кімді болса да қызықтырмай қоймайды. Республика алаңы, Тәуелсіздік монументі, Абай ескерткіші, Республика сарайы, Студенттер сарайы, Ұлттық кітапхана, Ұлттық мұражай, Неке сарайы, Президент резиденциясы, Халық аспаптар мұражайы және т.б. әсем ғимараттар бар.