Қыпшақ Сейітқұл Маманұлы (18 ғасырдың 70-жылдары, Сыр бойы — 19 ғасырдың 30-жылдары, қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданы Қарабидайық мекені) — есімі аңызға айналған егінші. Орта жүздегі бес таңбалы қыпшақтың торы бірлестігінен тарайтын жеті арыс қитаба руынан шыққан. Сыр бойындағы иеліктері егін шаруашылығына тарлық ете бастаған соң Торғай өңіріне келіп, Қабырға өзені бойындағы Қарақоға деген жерге тұрақтаған. Өзен жағалауына шығыр орнатып, аяқ егін, атпа егін әдістерін пайдаланып, өзеннен арықтар тартып, бөгендер салып, суармалы егіншілікті қолға алған. Диқанның бұл еңбегі жемісті болып, 5 — 6 жылдың ішінде алғаш келіп қоныстанған 12 үй 400-ге жеткен. Қыпшақ Сейітқұлдың аса шығымды ақ тарысының тұқымы кейін бүкіл Торғай, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Қарқаралы өңірлеріне тарады. Диқанның барымташылардан сақтану үшін тұрғызған дуалы мен су тартқан арықтарының қалдықтары Көкалаат, Қызылоба, Қарақоға деген алқаптарда әлі күнге дейін сақталған. Қыпшақ Сейітқұл асқан шебер, сөзге шешен адам болған. Мұраптың егіншілік дәстүрін халық арасына кең таратып, насихаттау үшін ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин “Қыпшақ Сейітқұл” деген әңгіме жазып, оқулығына енгізген.
Ыбырай Алтынсарин (шын аты — Ибраһим, 1841—1889) — қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері.
Ыбырай Алтынсарин қазақ халқының ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырған тұлға. Ол 1841 жылы қазіргі Қостанай облысының аумағында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған ол атасының - белгілі би және старшын Балқожа Жаңбыршиннің қолында тәрбиеленді. Ыбырай бала кезінен бастап білімге және өз бетінше оқып білуге бейім екенін байқатты. Көп оқыды, Ресей қоғамының білімді адамдарымен жиі араласып тұрды. Орынборда оқып жүрген кезінде шығыстанушы ғалым В.В Григорьевпен жақын танысып алды. Ол өзінің бай кітапханасымен Ыбырай Алтынсариннің еркін пайдалануына рұқсат етті. Білімге құштар жас бос уақытының бәрін де сол кітапханада өткізді. Білген үстіне біле түссем деген құмарлық пен өз халқыма неғұрлым көбірек пайда келтірсем деген абзал арманға ұмтылыс жас Ыбырайдың өмірлік кредосына айналды. Өзінің мінез-құлқы жағынан қарапайым әрі еңбексүйгіш еді, көп оқыды, өзге халықтардың қол жеткен табыстарын неғұрлым көбірек біле түссем деп армандады. Алған білімін өз халқының пайдысына асыруға талпынды.