іне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 60 жыл өтті. Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің тылдағы қажырлы еңбегімен жеңісті шыңдаған, станоктың қасынан, егін даласында, күні-түні мал бағып, тынымсыз жұмыс істеген жұмысшылар, ауыл адамдары тойлайды. Бұл мейрамды біздің аяулы да даңқты әйелдеріміз - өздерінің әкелерін, ерлерін, ұлдарын және сүйіктілерін көзінен жасы сорғалай жүріп төзімділікпен күткен, олардың орнын жоқтатпаған аналар мен жұбайлар, қалыңдықтар мен қыздар тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің әкелері мен ағалары қанын төгіп, жанын қиып бақытты өмірін қамтамасыз еткен Ұлы жеңістің құрдастары тойлайды. Ұлы Жеңіс күні елі мен жері үшін жанын пида еткен, туған-туысқандарына, жақын-жарандарына, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл елі болып еске түсіреді.
Бұл мейрамды бұрынғы кеңес одағына кірген 15 одақтас республика халқымен бірге, кеңес халқы неміс басқыншыларынан азат еткен Еуропа елдерінің Варшава мен Прага, Будапешт пен Бухарестің, София мен Белградтың, Париж бен Венаның, жер шарының басқа да көптеген қалаларының тұрғындары тойлайды.
Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. Төрт жыл, 1418 күн мен түн бойы өз жері мен отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жан қилы соғыс жүріп жатты.
Бір күшке жиналған орыс пен тәжік, грузин мен белорус, қазақ пен украин қарсы алдындағы жауға алмас қамал болып жұмылды...
Батырлық жырлар, батырлар жыры — ауыз әдебиетіндегі ең бай да көне жанрлардың бірі. Қаһармандық эпос деп те аталады. Батырлық жырлар халық өмірінің тұтас бір дәуірін жан-жақты қамти отырып, сол тарихи кезеңдегі батырлардың сыртқы жауларға қарсы ерлік күресін, ел ішіндегі әлеум. қайшылықтар мен тартыстарды бейнелеп береді. Бірақ онда тарихи оқиғалар тізбегі өмірде болған қалпында емес, жырдың көркемдік шешіміне лайықты өріледі.Түркі өркениетінде Көроғлұ дастанынан кейін кеңінен таралған екінші дастан Алпамыс батыр жыры болып табылады. Тұлғамыздың бүгінгі қазақ тіліндегі аты мен атағы – Алпамыс батыр. Ал басқа түркі тілдеріндегі аты былай келеді: өзбекше Алпамыш, башқұртша Алпамыша, татарша Алпамша, батыс Сібірде Алып Мәмшән, Алтайда Алып Манас, ал Түркияда Алп Бамсы. Бұл дастанның Түркі әлемінің түкпір-түкпіріне тарағанына қарап, оның ең көне жыр-дастандардың бірі екендігіне көз жеткіземіз. Алтайлықтардың Алпамысты «Алып Манас» деуіне қарап, қырғыздардың Манас дастанымен байланысы бар екендігін байқауға болады. Бірақ бір қызығы: Манастың әкесінің аты Жақып болуы яғни еврей-христиан-мұсылман діндеріндегі Яқуп деген пайғамбардың аты болуы Манас дастанындағы осы діндердің ықпалын көрсетсе, Алпамыстың әкесінің атының Байбөрі болуы түріктердегі Исламнан бұрынғы «көк бөрі иесі» түсінігін көрсетіп тұр.