Міне, қабағын түйіп жаңбырлы күз келді. Күз – молшылықтың, байлықтың, берекенің айы. Қырман басы тазаланып, бау – бақша жиналып, құс базары тарқайтын кез. Інім екеуміз терезе алдында отырмыз. Сыртқа шыға алмаймыз. Апам рұқсат етпеген. Кешеден бері аспанды суық бұлт торлап алды. Түс мезгілі болса да, қала іші түнеріп тұр. «Бр-р...» Өн бойымыз әлденеге діріл қағып, жаурағандай сезіндік өзімізді. «Ух, қандай суық еді!..» Сәлден соң күн ашылды. Ауыр- ауыр бұлттар тарқап, қиғаштай құйылған нұрлы шуақтан айнала құлпырып, мамыражай күйге енді. Інім екеуміз сыртқа шықтық. Иілген қайың бұтағындағы жұқа, сары жапырақтар самалмен дірілдеп тұр. Біз бақ ішіне кірдік. Бақ іші сары бояуға малынып тұр, тып- тыныш. Жаздағыдай құстардың әсем үні естілмейді. Тек табан астындағы тапталған жапырақтардың судыр- судыр еткен дыбысы бақтың тыныштығын бұзғандай.Інім сары жапыраққа алақанын тосты. «Қап, тесіліп қапты!» деді. Аяп тұр. Кенет сусылдап, күнбатыстан суық жел соқты. Ағаш жапырақтары ұша жөнелді. Біз үлкендердің «үстеріңді лас қылмаңдар!» дегенін ұмытып, жұп- жұмсақ жапырақтардың үстінде аунап ойнадық. Қайың, үйеңкі жапырақтарынан гүл шоқтарын жасадық. Ауа зілдене түсті. Көгілдір аспанға шыға келген бұлттар бірте- бірте қоюланып, жаңбырдың лебі есті. Әуелі ірі- ірі тамшылар батылсыз тамды да, кейін үдеп кетті. Жаңбыр тамшылары есікті, терезені, қаңылтыр шатырды қақылай жөнелді. Көше іші суға толып, ойық жерлерде көлшік пайда болды. Адамдар оны «жаңбырлы күз», «суық күз», «қара күз» деп, айыптап жатады. Ал біз оны «алтын күз» дейміз. Біз алтындай сап-сары жапырақтардан гүл шоқтарын жасап алып, үйге қарай жүгірдік. Апам бізге ұрыспайды!
Жаз аяқталып, өз кезегін сарғайған алтын күзге берді. Көктемде бүр жары, жазы бойы жайқалған көк майсаның барлығы өмірінің белгііл бір межесіне жетіп, еңселері түсіп, саруайымнан сарғайып жатыр. Олардың уайымын бөліскендей ме, әйтеуір жылауық кұз де көз жасын сығып-сығып алады. Бәлкім, олардың бойын кернеген өкпе-наз, реніш-уайымды жуып-шаймақ па екен. Не десе де алтындай жалтырап жатқан даланың да самарқау сықырлай салар әні, өзіне ғана мәлім сыры бар.
Алтын түске боялған күзде қоңырау қайта соғылып, балалар мектеппен қауышады. Оқу оуға жасы жеткен бүлдіршіндер алғаш рет мектеп табалдырығн аттап, білім нәрімен сусындатар бастауға бас қояды. Ұстаздар да алдарындағы кіп-кішкентай ғұмыр иелерінен таудай тұлға сомадауды ниет етіп, әрқайсысына үміт көзімен қарайды.
Оқушылар біліммен сусындап, өмірінің жаңа баспалдағын басып жатса, аспанда құстар қимай ән салып, алыс жақтарға ұзап барады. Қыстағы тіршілікке қамданған тірі жан иелерінің бәрі қыбыр-жыбыр тіршілігін тоқтатар емес. Адамдар да егін орып, астық жинап, қылышын сүйреп келер қыстан шығудың қамын жасауда. Жапырақтар судырлаған осынау самарқау мезгілде кеудесінде жаны бардың барлығы қызу тіршілікке кіріскен. Оларға қарап тұрып, табиғат та келер көктемде қайта дүр сілкініп, қайта құлпырарын сезгендей еріксіз жымиып, тіршілікке мейірімін төгеді.