Мәтіннен үстеу сөздерді тап, олар қандай сұрақтарға жауап беретінін көрсет. Қасым Аманжолов – (1911-1955) қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, халқымыздың дарынды ақыны. Оның көркемдік-эстетикалық деңгейі жоғары, қазақ әдебиеті тарихында айтулы орынға ие шығармашылығы, негізінен, поэзиялық туындылардан тұрады. Ақынның әдеби мол мұрасын 7-8 поэмасы мен алуан тақырыптағы лирикалары құрайды. Ол – көркем аударма өнерінің де үздік шебері. Ол орыс, Батыс пен Шығыс поэзиясының классикалық туындыларын: лирикалық өлеңдер мен поэма-дастандарын қазақ тіліне шебер аударды. Қ.Аманжолов – өзінің батыл ойлы, шыншыл да терең сырлы, дауылды поэзиясымен әр буын оқырмандар сүйіспеншілігіне ие болып, жас таланттарға өте күшті әсер етіп келе жатқан біртуар дарын.
Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға «алаш» деген атты аламын.
Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын?!
Ерікті ен даланың құсынша ұшып,
Ер жеттім кеңшілікті сүтін ішіп.
... Алтай, Ертіс Сырдария, Есіл, Жайық,
Арасын қоныс қылдым ірге жайып.
Елім, жерім, қорғайтын ерім болып,
Ер жеттім ен далада лықа байып.
Ер Түрік ұрпағымын даңқы кеткен,
Бір кезде Еуропаңды тітіреткен.
Кіргені есік, шыққаны тесік болып,
Күнбатыс, Күншығысқа әмірі жеткен.
Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға «алаш» деген атты аламын.
Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын!