Қорық– аумағындағы барлық табиғи кешен толығымен шаруашылыққа пайдаланылудан алынған және үкіметтің қорғауында болатын жер не су кеңістігі; типтік, сирек кездесетін және бірегей табиғи кешендерді бүкіл компоненттерінің жиынтығымен қоса, сол қалпында сақтауға арналған, арнайы қорғау режимі бекітілген ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Қорықтың негізгі міндеті – қорғауға алынған табиғат кешенін (эталондық табиғи экожүйелерді), сондай-ақ, осы аумаққа тән организмдердің гендік қорын сақтау және қалпына келтіру, табиғи құбылыстардың даму заңдылықтарын ғылыми тұрғыдан кеңінен зерттеу. Қорық аумағын шаруашылық мақсат үшін пайдалануға болмайды. Қорық қорғалатын аумақ қана емес, сонымен қатар табиғатты қорғау жөніндегі мемлекеттік ғылыми мекеме болып табылады. Мұнда жабайы хайуанаттарға санақ жүргізу әдістері, оларға әсер ететін факторлар анықталып, саны сиреп бара жатқан жануарлар мен қоры азайып кеткен өсімдік түрлерін қалпына келтіру мәселесі терең зерттеледі. Қорықтағы табиғи ресурстарды сақтаудың жолдары белгіленеді. Қазақстанда Ақсу-Жабағылы қорығы, Алматы қорығы, Барсакелмес қорығы, Қорғалжын қорығы, Марқакөл қорығы, Наурызым қорығы, Үстірт қорығы,Алакөл, Батыс Алтай қорықтары бар; қ. Биосфералық қорық
Құлпытас – бейітке қойылатын тас белгі.
Ұғым-түсініктері мен салт-дәстүрлеріне қарай дүние жүзі халықтарында құлпытастың көптеген түрлері кездеседі.
Ежелгі Шумер, Мысыр, Этрустар заманында құлпытастар адам мүсіні түрінде жасалынды. Құлпытасқа адам бейнесін қашап, мәйітпен бірге қою дәстүрі ғұн заманы, түрік қағандығы, қыпшақ, түргеш дәуірлерінде кең жайылды. [1]
Құлпытастардың шығу тегі, рәміздік мән-мағынасы туралы ғылымда нақты тұжырым қалыптаспаған. Қалай болғанда да, қазіргі қазақ даласындағы құлпытастардың арғы тарихы сақтар мен ежелгі түркілердің тас мүсіндерімен, сондай-ақ көне түркілер жазуы қашалған бітіктастармен байланысты екендігі анық. Қазақ даласындағы құлпытастардың даму эволюциясы Батыс және Оңтүстік Қазақстанда сақталған құлпытастардан көрінеді.[2]
Құлпытастарды әрлеу, нақыштау, бедерлеу ісі сол кезеңде өмір сүрген халықтың қолөнері мен мемориалдық үрдісінің, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы мен дүниетанымының белгісі іспетті. Мысалы, түркі жерінде ислам дінінің бел алуына орай бейнелі құлпытастар орнына өрнекті көктастар қойылатын болды. Ислам дінінде қабір басына белгі қоюға рұқсат етілгенімен, аса үлкен құлпытас қойып, оған адамның, малдың немесе әлдебір заттың суретін бейнелеуге тыйым салынуына байланысты құлпытастарға арабша Құран сүрелері мен аяттар жазу өнері етек алды. Түркістандағы Иасауиге қойылған құлпытас, сондай-ақ сонда жерленген қазақ халқының атақты хандары мен қайраткерлерінің басына қойылған құлпытастарда осы үрдіс сақталған.[3]