Қазтуған жырау ноғайдың Едисанордасының билеушісі Сүйініш мырзаның ұлы. Сүйініш мырзаның Қазтуғаннан басқа Азамат және Әдіжі атты тағы екі ұлы болған. Оның арғы ата-бабалары Ноғай Ордасының билеушілері еді. Әкесі Сүйініш Абдоллаұлы Еділ бойында өмір сүрген, кейін Қобан жаққа өтіп кеткен. XVII ғасырдың екінші жартысында жазылған орыс деректерінде Сүйініш мырзаның аты жиі айтылады. Ресей мемлекеттік архивінің көне актілер жөніндегі бөлімінің «Ноғай істері» қорында Сүйініш мырзаның және ноғай ұлысының 1660 жылдарға дейінгі деректері сақталған. Қазтуғанның шежіресі былайша таратылады: Едіге би - Нұраддин - Уаққас - Мұса - Ысмайыл би - Дінбай би - Тінікей - Абдолла - Сүйініш - Қазтуған. Қазтуғанның есімі алғаш рет тарих беттерінде 1673 жылы аталады. Орыс деректерінде оның есімі Тоған деп көрсетілген. Осы жылы қалмақ билеушісі Аюке хан өзінің бірнеше тайшысымен бірге Астрахан басшыларының алдына барып, орыс-қалмақ келісіміне қол қойып, аманат сарайындағы ноғайдың жас мырзасын босатуды сұраған. Қалмақ тайшылары мұндай қадамға едисан ноғайларының мырзасы Сүйініштің сұрауы бойынша барған болатын. Олар Сүйініштің патша алдындағы абыройлы істерін еске салды. Алайда, бұл сұрақтың жауабын Астрахан билігі емес, Мәскеудегі патшаның өзі беру керек еді. Осы кезде іске қабардин кінәзі К.М. Черкасский араласып, соңғы шешімді ұлық патшаның өзі хабарлайтынын айтып, қалмақ делегациясын жылы шыраймен шығарып салады. Қазтуған 1696 жылы ұзақ жылдар бойы Қалмақ хандығына тәуелді болған Едисан ұлысын бастап, Еділ бойынан Қырым хандығына тиесілі Қобанға көшіп кетеді. Қазтуғанның есімі соңғы рет 1698 жылғы деректе аталады. Онда Едисан ордасының мырзалары Тоған мен Гидемирдің Қобанның сол жағалауында орын алған жұтқа байланысты Мәскеуге Бейшім аға бастаған елшілікті жібергені жазылған.
Ағайын-туыс - бір ауыл, қауым болып, шаруашылық қарекеттерін бірлесе жүргізетін, бір-біріне қолдау жасайтын, қандастық жағынан жақын туыс, аталас адамдар немесе солардан өрбіген ұрпақтар.
Мұны «Сыйласқанға жат жақсы, жылысқанға ағайын артық» деген парема да айғақтайды. Қазақта екі туыстық байланыс бар: бірі «бірге күліп, бірге жыласатын» тіршіліктегі қуаныш пен қайғыны бірге көтерісетін әке жағынан туыстық, екіншісі материалдық қарым-қатынаспен байланысқанқұдалар мен тамырлар деп бөледі A.M. Балаубаева-Голяховская еңбегінде ата туыстар қиын сәтте бір-біріне қол ұшын береді, сондай-ақ, жиын-тойларды, торқалы той, топырақты өлімді өткізуді бірге ұйымдастырады, ауыртпалығын бірге көтеріседі.
Ағайын бір өліде, бір тіріде деген қағида осыны меңзейді. Әсіресе, адамның тіршілік циклына қатысты ғұрыптар мен салттардың атқарылуында бірлік пен ынтамақтастықтың орны ерекше. Туысы бірдің уысы бір, бөлінгенді бөрі жейді деп, арадағы ұсақ-түйек дау-шар, өкпе-назды елемеуді ескертеді. Қандастық жақындықты сезінуде ел бірлігін, қоғам тұтастығын сақтауда ағайын-туыстық ұғымының орны айрықша болған. Ағайын-туыстар жеті атаға дейін туыстықты үзбейді және қыз алыспайды. Қазақы ортадағы бұл қағиданың генетикалық жағынан алғанда дұрыстығы анықталып отыр. Жеті атаға толғаннан кейін ру ақсақалдары жиылып, жеті атаға толыстық, жеке ел болыстық деп боз бие шалып, баталасып, бәтуаласып қыз алысып, қыз беруге рұқсат етеді.[1]