Толағай" - халық аңызы. Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданындағы тау атауына байланысты аңызда бұрынғы өткен заманда, үлкен өзен бойында Саржан деген аңшы өмір сүргендігі, жылдар жылжып, күндер өткенде оның әйелі Айсұлу өмірге ұл әкелгендігі, қуанған әкешеше дүбірлетіп той өткізіп, балаға Толағай деген ат қойғандығы айтылады. Ертегі желісіндегідей сюжеттер бой көрсетіп, Толағай ай санап емес, күн санап өседі. Төрт жасында нағыз батырға айналып, жетіге келгенде белдесуге шақ адам табылмайды. Әкесімен бірге аңға шығып, атақты аңшыға айналады. Бірде олардың мекеніне жұт келеді. Жауын жаумай, қуаңшылық болады. Шөлден мал қырылып, адам өледі. Күннің ыстығынан киіз үй- ді паналап, анасымен әңгімелесіп, Толағай одан жаңбырлы жерді сұрайды. Анасы қиыр шетте өткен жастығын еске алып, ешқашанқұрғақшылықты білмейтін, шөбі шүйгін мекеннің бар екенін айтады, таулары аспан тіреген жер жаннатыТарбағатай жайлы ұзақ әңгімелейді. Ол көп жүріп шыңдарын қар басқан асқар тауларды тауып алады, оған биік тоғайлы, құстары сайрап, төбесін бұлт жапқан бір ғана тау ұнайды. Ол осы тауды құшағына алып, қатты ырғайды да арқасына салып, кері еліне қарай қайтады. Ол шаршамай ұзақ жүреді. Халық жылжып келе жатқан үлкен тауды көреді. Оны көтеріп келе жатқан Толағай екенін біледі. Найзағай ойнап, күн күркіреп, жауын селде- теді. Халық "Толағай" деп ұрандап, қуанышпен қарсы алады. Қуарған шөп көтеріліп, жан-жануар мөңіреп- азынап шулайды.
Әке – асқар тау.Отбасында әкенің орны бөлек. Әке – сол шаңырақтың бар ауыртпалығын көтеретін, асырап-бағуға да, жақсы тәлім-тәрбие беруге де міндетті адам. Әке – бала үшін асқар тау. Әке қамқорлығы дегеніміз – отбасы мүшелерін әртүрлі пәле-жаладан қорғап отыратын қасиетті ұғым. Сондықтан әкені сыйлау, оған үлкен құрметпен, ілтипатпен қарау баланың парызы болмақ. Ақын Жарасқан Әбдірашевтың әке десе – ауылы, ауыл десе – әкесі есіне оралатын перзенттік жүрегі дамылсыз соққан. Қашан да қамқор болған сан үмітке, Өтермін сақтауменен салтыңды әсем. Көнбей ме көңіл шіркін кәрілікке, Өкпелеп қалмайсың ба «қартым” десем! Ақын үшін, «бір ауылдың бәйтерегі» – өмірдің ащы-тұщысын халқымен бірге татқан әкесі. Сондықтан ол әкеден алатын тәрбие де салиқалы болмақ. Әке – ұрпақтың панасы, үйдің басшысы, әрі тәрбиешісі. Ол тек бір отбасының ғана емес, ауылдың, рудың қамқоршысы, ел ағасы. Өмірге келген баланың әрбір сәтті қадамы әке үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш болмақ. Сондықтан да әке ақылымен жүру, ешкімнің ала жібін аттамай, адал ғұмыр кешу баланы тек жақсы болашаққа ғана әкеледі. «Әкеге бағыну – аллаға бағыну» депті Мұхаммед пайғамбарымыз. Демек, әкені ренжітпей оның айтқанының үдесінен шығып отыру әрбір перзенттің басты парызы екен. Ақылы мен пайымы терең аналар балаларын үнемі әкесін сыйлап, құрметтеуге бейімдеп отырады. «Әкең ренжіп қалар», «Әкең жіберсе, бара ғой», «Әкеңе барып сәлем бер», «Әкеңнің керегін дайында» деп әкеге құрмет, қызмет етуге баланы жасынан дайындап отырса, мұндай отбасында әрдайым тәртіп, ынтымақ пен бірлік болуы сөзсіз. Әке ұл-қызын намысшылдыққа, елі, руы, қала берді өз бауырлары үшін еңбек етіп, өмір сүруге баулып отырады. Әкенің мейірімі мен талап қойғыштығының, еңбеккерлігінің бала тәрбиесіне ықпалы көп.