Мына шіркіннің баласы тойдым деп қарап отырмас, қарным ашты деп жылап отырмас, сиырдың мүйізі, кеуірдің құлағы шығып тұрған жер екен. Күнінде баласы кеуірден жылайды-ау! – депті.
Шыңғыс тауын, Семей тауларын көргенде:
Мына шіркіннің топырағы құтырған екен. Оған шыққан шөп құтырады, оны жеп семірген мал құтырады, оның етін жеп, сүтін ішкен адам құтырады. Қан үзілмейтін, кісі өлтіру, ұрыс-төбелес көп болатұғын жер екен! – депті.
Түндік өзенін көргенде:
Он екі қазылық ой, Түндік; маңырап жатқан қой, Түндік. Қойдың құлағы тұтам шығып тұрған жер екен! – деп, тастап кетуге қимай, үш қараған екен. Сонан «Үшқара» атанған.
Қызылтау деген жерге келгенде:
Тауы-тасы кеш болғанда, ыңыранып жатады екен, тоқтысы қысыр қалмайтұғын жер екен! – депті.
Баянаула тауын көргенде:
Ат ерін алуға жарамайтұғын жер екен, шіркінді жұрт қалай қоныс қылып отырған? Бір көрген кісі: «Кәпір-ай, сені желкемнің шұқыры көрсін!» — дейді екен. Бауырында бір қара тиген тұзы бар екен, тұзы ауыр екен. Бір күн түнеп кетемін деген бір жұма тоқтап қалады екен, тұзы жібермейді екен!
Қазақстандай жері шұрайлы, шөбі шүйгін өлкені мен әрқашан да мақтан тұтамын.Қазақстанның кең даласындай байтақ дала еш жерде жоқ шығар. «Отаның-алтын бесігің», «Отаны жоқтық – нағыз жоқтық»- деп дана халқымыз бекер айтпаған. Өз Отанын сүю, өз ана тілін ардақтау - әрбір азаматтың бірінші міндеті.
Ал біздің халқымызда атамекенді ардақтау сезімі өте терең деп ойлаймын. халқымыздың басынан қандай қиын кезеңдер өткенде де ата-бабаларымыз елімізді сыртқы жаудан қорғай білген. Өз елі үшін жанын да, барын да аямаған. Халқымыздың осы бір қасиеті жанымызға ана сүтімен тарап, ана тілімен дарып, ақ нанымен бекуі тиіс.