Қазақ күресінің тарихы ұлтымыздың өмір тарихымен тығыз байланысты. Балуандардың күш сынасуы ат жарысы, ақындар айтысы сияқты қазақ халқы өнерінің ажырамас бір бөлігі болып саналады. Қазақтар күш иесін «алып», «толағай», «балуан» деп атап, оны ерекше қасиет қонған адам ретінде таныған. Күрес – ұлттық мәдениетіміздің маңызды бір саласы болып табылады. Қазақтардың жыл он екі ай далада өмір кешіп, үнемі қозғалыста болу тірлігі, жас баладан бастап еңкейген кәріге дейін дене-күш дайындығына ерекше талап қойды. Қазақ елінде ат үстінде еркін отырудан бастап, садақ ату, күрес, жекпе-жек айла-тәсілдерін меңгеру ұл мен қызға бірдей қойылатын талап деңгейіне көтерілді. Халқымыздың ұлан-байтақ аумақта орналасуы, көшіп-қонып жүруге негізделген шаруашылығы және көршілес елдер салт-дәстүрлерінің ықпал етуі қазақ жерінде балуандық өнердің бір-бірінен айырмашылығы бар бірнеше түрлерінің дамуына негіз болды. Ертегі, аңыздарда, батырлар жырларында, тарихи және көркем шығармалар мен, археологиялық қазба деректерде күрестің бірнеше түрлері болғандығы туралы көптеген дәлелдер кездеседі.
Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болады. Біздің ата - бабаларымыз “тәні саудың – жаны сау” - деп бекер айтпаған. Спорттың қай түрімен айналысу адамның қабілетіне байланысты болады. Бұл туралы ұлы ойшыл Ибн Сина да өз шығармаларында айтқан. Ол сондай - ақ спортты мағынасына қарай жеңіл, ауыр, ұзын, қысқа сияқты бірнеше түрге бөлген. Денсаулық пен өмірді дамыту үшін кем дегенде спорттың 33 түрінен жаттығу жасау керектігін айтқан. Елбасы Н. Ә. Назарбаев өзінің “Қазақстан - 2030” стратегиялық бағдарламасында халықты салауатты өмір салтына ынталандыруды басым бағыттың бірі ретінде атап көрсетті. Сондай - ақ Президентіміздің қолдауымен 2003 жыл – денсаулық жылы болып жарияланған. Расында да, бүгінгі таңда еліміздің ақсақалдарынан кішкентай баласына дейін дене тәрбиесіне ерекше мән беруде.