Ел мен жер тағдыры екіталай күйге түскенде қолына ер-азаматтармен бірге қару алып, ұрыс даласында атой салған қазақтың батыр қыздары мен аналарының көп болғаны қарт тарихтың еншісінде жатқан хақ ақпар. Бүгінде оларды дәріптеу былай тұрсын, есімін ұран еткендердің қатары мол. Бұл анасын ардақтаған текті ел үшін зор мәртебе, үлкен қуаныш болса керек-ті.
Қазақ қыздарының әрбірінің бойында қайсарлық пен батылдық, жанарында жалын бар. Олардың осындай қайсарлығы мәңгі өшпес алаумен тең. Үндінің Дели сұлтандығының басын XIII ғасырда қарумен қосқан Рәзия патшайымның да шыққан тегі қыпшақ екені белгілі болды, яғни, түбі қазақ деген сөз. Сондықтан да батыр аналарымыз жайлы тарихтың тереңінен мейлінше сыр суыртпақтауға болады. Домалақ ана, Қызай ана, Жанат, Қарқабар, Алтыншаш, Әлпеш, Момын аналар, Айсары, Таңсұлу, Айтолқын арулар, Ақбикеш, Мақпал, Бопай ханымдар, Айша бибі, Рабиға бегім, Қарашаш, Еңлік, Баян сұлу сынды қазақтың батыр қыздары мен аналары том-том еңбектер жазуға лайық.
Атақты Қабанбай батырдың жары Гауһар өте ақылды, тапқыр жан болған деседі. Соғыста әртүрлі тәсіл ойлап таба білген. Мәселен, түйенің өркешіне найза байлап соғыс алаңына алып келгенде жау жағы қазақтарға қосымша әскер келді деп қаша жөнелген екен. Осындай тәсілдерді соғыс үстінде таба білуімен ерекшеленген Гауһар мәңгі ел есінде.
Назым – Қаракерей Қабанбай мен Гауһардың қызы. Қаһарман қыз сан рет жау әскерін талқандап, әкесімен бірге қазақ-жоңғар соғысына қатысып, елін қорғаған оның ерлігі елге аңыз болып тараған.
Ақбикеш жауды алыстан көретін қырағылығымен танылған қыз екен. Соғыста жау жасағын бақылап, оның бағытын хабарлап отырған. Тіпті, жау бағытын анықтау үшін Қаратау өңіріне биік мұнара салдыртқан. Талай ұрыста қапы қалып, әбден өшіккен жау Ақбикешті қолға түсіріп, қырағы көздерін ойып тастаған көрінеді. Қаратаудағы «Ақбикеш мұнарасы» осы батырдың құрметіне аталған.
Ботагөз батыр – Есет баһадүрдің қызы. 1742 жылы Орынборға кеткенде елін қалмақтар шауып, жылқыны айдап алып кетеді. Сол тұста 150 сарбазды бастап барған Ботагөз жау әскерін тас-талқан етіп, тірі қалғанын тұтқынға алып жеңіспен оралған. Қыз бастаған қолдан ойсырай жеңілгенін естіген қалмақ қолбасшысы бас сауғалап үлгерген негізгі әскерді қатаң жазалаған екен.
Бопай батыр – Кенесары ханның қарындасы. 1837-1847 жылдары Ресей отаршылдығына қарсы жүргізілген көтеріліске қатысқан ол 600-ден астам сарбазды басқарған. Бірнеше рет тұтқынға түссе де ебін тауып құтылып отырған Бопай батыр сарбаздарды азық-түлік, қару-жарақ, киім-кешекпен қамтамасыз етуде айрықша қажыр-қайрат көрсеткен. Барлық істе табандылығымен, ақыл-парасатымен танылып отырған қазақ елінің мақтанышы, ардақты анасы.
Бақты батыр – әкесі жаужүрек болған текті жердің қызы. Алаш арыстарының бірі Мұстафа Шоқайдың әжесі. Бақты әкесімен бірге Түркістанды жаулаушы орыс отаршылдарына қарсы барлаушылық қызмет атқарған.
Міне, қазақтың осындай жаужүрек батыр қыздары мен аналары ел тарихын қалауда, елдігімізді берік етіп, мемлекетімізді құруда айрықша үлес қоса білген. Біз сондай-ақ Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова сынды майдангерлерді, Ләззат пен Сабирадай қайсар қыздарымызды атаусыз қалдыра алмаймыз. Олар да кешегі батыр аналардың жолын жалғаған, елдігіміз үшін, өр рухымыз үшін аянбай күрескен намысшыл аруларымыз еді. Сол намысты да рухты қыздарымыз бен аналарымыздың ізбасарлары егемен елден көптеп шыға бергей.
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік алысымен Қазақстан әлемдік қауымдастыққа өзін танытуға белсене кірісті. Осы мақсатта еліміз халықаралық беделді ұйымдардың жұмысына араласа бастады.
ҚР Президенті Н.Назарбаев түрлі халықаралық ұйымдар мінберлерін Қазақстанның бейбітсүйгіш сыртқы саясатын, реформаларға негізделген ішкі саясатын насихаттау, таныстыру жолында пайдаланды. Қазақстанның халықаралық беделінің өсуіне оның әлемдегі 4 орын алатын ядролық қуатттан өз еркімен бас тартуы ықпал етті. Өзін ядролық қарусыз мемлекет ретінде жариялаған Қазақстан 1992 жылдың 22 мамырында Лиссабон шартына қол қойды. Елдің бейбітшілікті нығайтуға, ядролық қаруды таратпауға бағытталған қадамдарын әлемдік басым державалар қызу қолдады. Пацифистік идеологияны ұстанған Қазақстан өз жерінде Кеңес Одағынан мұра болып қалған жаппай қыру қаруларынан 90 жылдардың ортасына дейін толық құтылды.
Әлем халықтары Қазақстанның бейбітсүйгіш саясатының куәсі болды. 1992 жылдың 2 наурызында Қазақстан БҰҰ мүшелігіне қабылданды. Қазақстан жаһандық тұрақсыздық заманында өркениетті адамзаттың мүдделерін, мақсаттарын үйлестіретін ең беделді халықаралық ұйымның 168-ші мүшесі болды.
Қазақстан БҰҰ мүшелігіне Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Молдова, Әзербайжан, Армения сияқты бұрынғы Кеңес Одағы құрамынан шыққан мемлекеттермен қоса Сан-Марино Республикасымен бірге кірді. Осы толығудан кейін БҰҰ мүшелерінің саны 168-ден 176 мемлекетке дейін өсті. БҰҰ Бас Ассамблеясы өзінің 46 сессиясында күн тәртібіндегі 20-пунктті қарап, аталған тоғыз мемлекетті өзіне мүше ретінде таныды. БҰҰ Бас Хатшысы шешім қабылдағаннан соң Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын көтеруді сұраймын деген сөзінен кейін Тәуелсіз Қазақстанның Көк Туы БҰҰ ғимаратында желбіреді.
1992 жылдың 15 сәуірінде ҚР Президенті Жарлығымен ҚР БҰҰ жанындағы бірінші тұрақты өкілі болып қазақтың көрнекті дипломат қызы Ақмарал Хайдарқызы Арыстанбекова тағайындалды. 1992 жылдың 5 маусымында ҚР БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігі өзінің толыққанды қызметін бастап кетті. Осы жылдың 5 қазанында БҰҰ мінберінен ҚР Президенті тұңғыш рет сөз сөйледі. Қазақстан адамзаттың тағдырының ортақтастығын ұғынатын, демократия принциптерін ұстанатын мемлекеттер қатарына қосыламын деп жариялады. Ел өзі басшылыққа алатын Конституциясын, заңдары мен нормативтік актілерін түгелдей халықаралық құқық нормалары мен әлемдік гуманистік принциптер талаптарына сәйкестендіруге бетбұрыс жасады.
Қазақстан шым-шытырық әлемдік күрестер, бәсекелестіктер, қауіп-қатерлер мен қайшылықтар аренасына енді. Еліміз осындай түрлі басымдықтарға тез икемделуге мүмкіндік беретін, өзінің геосаяси, геоэкономикалық мүдделеріне жұмыс істейтін конвекторлы сыртқы саясат тұғырнамасын таңдады.
Қазақстанның БҰҰ мүшелігіне енуі ел халқының әлемдік демократиялық үрдістерді түсінуіне және олардың қызу жақтаушыларына айналуына көмектесті.