Абай Құнанбаев екі сөзінің бірінде тіл табиғатын толғанады.
Көркем әдебиеттің тілден шыңдалатынын білетін зерек зергер сол тілдің халықтығын, құнарлылығын, дәмділігін, бейнелілігін уағыздайды... Қазақ топырағында «мақсатым тіл ұстартып, өнер шашпақ, наданның көзін қойып, көңілін ашпақ» деп мұрат меңзейді... Абай әдебиеттің төркіні халықта екенін өзінен бұрынғы ақындардан да жақсы білген. Сол себепті ол кітаби орамдарға, сырты сұлу сылдыр сөздерге бармай, ойлы оралым, жанды сөз жасаған. Поэзия сырын «қуатты ойдан бас қурап, еркеленіп шығар сөз» деп түйген Абай шымырлық пен сұлулықты тамаша ұластырады. Әдебиет, ең алдымен, сөздің тарихи төркінінен, өсу, өзгеру қалпынан, қилы ұғымынан құралады. Үнділік, шырайлылық, дәмділік бұл тілдің көркемдік қуатын арттырып, әсерлілігін күшейтеді. Тіл де, сөз де - халықтікі. Сөйте тұра, «пәленшенің тілі бай» дейміз. «Мынау түгеншенің сөзі ғой» деп тани кетеміз. Осының сыры неде? Әдебиетте жанды сөз бар да, жансыз сөз жоқ. Жанды сөз, ең алдымен, автордың табиғатына, болмысына тәуелді. Шығарманың текстінен әр түрлі әсер алатынымыз сондықтан. С. Торайғыров «Сезімнің сыртқа шықпас түсі бар ма, оны жасырар адамның күші бар ма!» дегенде жеке тәжірибені ғылыми шындыққа ұластыра айтқан-ды. Одан көп бұрын Абай «шымырлап бойға жайылатын» сөздің астарын: «Білгенге маржан, білмеске арзан» деп мәтелдегенді.
Саяхатқа шығу.
Саяхатқа шығуды ұнатпайтын адам жоқ шығар. Мен өз басым саяхат десе, ішкен асымды жерге қоюға дайынмын. Мейлі ауыл болсын, қала болсын, қыдырғанды өте қатты ұнатамын. Сапар шеккен адам ел көреді, жер көреді, ой – өрісі кеңейеді, бой жазып қайтады. Саяхатқа қатысты менің арманым бар, ол - ұлан байтақ еліміздің ірі қалаларын аралау, себебі Қазақстанда көрікті жерлер жетерлік. Әзірге осы арманымды ата - анамның арқасында ақырындап жүзеге асырып келемін. Жазғы демалыста отбасымызбен демалуға бір қаланы таңдап, сонда жол жүреміз. Әзірше біз киелі Түркістан, жер жәннаты Жетісудың орталығы - Талдықорған, оңтүстік астанамыз Алматы және еліміздің бас қаласы Нұр - сұлтанға сапар шектік. Әр қаланың өзіндік қайталанбас ерекшеліктері бар. Мысалы, Түркістанда біз киелі жерлерді аралап, аптап ыстықта жер асты құдығының суын ішіп, бұрынғы заманның сәулет өнері туындыларына тамсандық. Ал Жетісу өңірінде таудан сырқырап аққан Қаратал өзенінің бойында серуендеп, таза ауада демалып, табиғаттың сұлулығына тәнті болдық. Оңтүстік астанамыз аталып кеткен Алматыда серуендеп қыдыру мен аты әлемге әйгілі Алматы апортын татып көрудің өзі арман ғой, Алматыны тіпті өлең - жырға қосқан ақын - жазушылар қаншама десеңші... Алматыда серуендейтін жерлер өте көп. Солардың ішінде біз Көктебеге көтеріліп, әсем Алматыны жоғарыдан алақанымыздағыдай көріп таң қалдық. Аты әлемге әйгілі Медеу мұз айдынында коньки тептік, Абай атындағы ұлттық опера және балет теартының кезекті қойылымын тамашалап, Ә.Қастеев атындағы сурет галереясына да барып үлгердік. Еліміздің жүрегі – Нұр – сұлтан қаласының да көрікті жерлері аз емес, жыл сайын олардың қатары толықтырылып келеді. Тәуелсіз Қазақстанның сәулеттік символына айналған «Бәйтерек» монументі, «Хан-шатыр» сауда және ойын-сауық орталығы және «Думан» ойын-сауық кешені біздің отбасымыздың сүйікті демалу орындары.
Келешекте тек Қазақстан қалалары ғана емес, сонымен қатар алыс шетелге де сапар шексем деп армандаймын және осы арманым іске асу үшін мен сабақты жақсы оқып, шет тілдерін меңгеруім қажет.