Көкшетауға ат басын бұратын көптеген саяхатшылардың қызығушылығын оятатын әрине табиғаттың көз тартар сұлулығы. Соның ішінде Бурабайдағы «Оқжетпес» тасының жөні бөлек. Атауының өзі бір ерекше. Жыл сайын демалуға барып жүргенімізбен, сол «Оқжетпес» жартасының қалай біткені жайында біле бермейміз әрі мән де бермейміз. Ал аңыз былай дейді:
Бурабай дейтін елді-мекенде кезінде Оқжетпес атты баһадүр өмір сүрген. Оқжетпес туа салып күн сайын емес сағат сайын өсіп, жетіле берген. Тіпті бойы тоқтаусыз өскен. Бала күнінде далада ойын қуып жүрсе, қасындағы балалардың атқан садағы оның кеудесіне әрең жеткен. Бойы ұзын өзі батырдың тірі кезінде елден абыройы асқақ болады. Жаугершілік заман келіп, күн артынан күн өтіп жаумен шайқасады. Әр күн сайын жаудың бетін қайтарып, елін аман сақтап отырған. Жарақат алса жарасын сол көлдің бойында емдеп, Бурабайдың ауасымен тыныстаған. Дәл сондай күннің бірінде жауға қарсы соғысады. Соғыс ұзақ күндерге созылады. Жаудың беті қайтар емес. Тіпті жау санында есеп жоқ. Айларға созылған соғыстың салдарынан Оқжетпес шаршап, түнде тынығып жатқан кезінде жау тыңшылары сырын біліп, үстінен бас салады. Бірақ алып денелі батыр оған да көнбей орнынан сілкіне тұрып тағы соғысады. Тек ең ақырында әлі кетіп, ақыры демі бітті-ау деген кезде, Оқжетпес қатты дауысымен: « Уа, Тәңірім! Мен жау қолынан өлтіріп, ұятқа қалдырғанша тасқа айналдыр» десе керек, лезде аспан айналып жерге түскендей күй тұнып, Оқжетпес сол жерде жартасқа айналып кеткен.
Бұл аңыздың бір түрі ғана. Жалпы Бурабайдағы түрлі ескерткіштерге қатысты көптеген аңыздар бар. Аңыздың өзі ертегі емес, шындыққа жанасатын жанрдың түрі екенін ұмытпаңыз.
Ақ сүйек — ұлттық ойын.
Ойын жаздың айсыз қараңғы түнінде ойналады. Ол үшін шөптесін кең алаң таңдалынып алынады. Ойын жүргізу үшін ірі қараның, жылқының, түйенің, кепкен жілік сүйегі керек.
Ойынға қатынасушылар екі топңа бөлінеді. Әр топ өзіне бастық сайлап алады. Ойынды кім бірінші болып бастайтыны екі топ басшыларының жеребесі арқылы шешіледі. Әр топ өз көмбесін белгілейді.
Екі топтың ойыншылары алаңға арқаларын беріп, сапқа тұрады. Бірінші болып ойын бастауға мүмкіншілік алған топтың бастығы сүйекті алыстата лақтырады. Екі топтың ойыншылары сүйекті іздеуге кетеді. Сүйекті кім бұрын тауып алса, сол көмбеге қарай жүгіреді. Қалғандары оны қуады. Қарсы жақтың ойыншысы жетіп сүйекті алатын болса, бар күшін салып, оны өз көмбесіне жеткізуге тырысады.
Топтың басқа ойыншылары да көмекке келеді. Ойын жалғасып қайталанып ойналады. Ойын жастарды қараңғыда бағдарды, мөлшерді айыра білуге, тез, жылдам жүгіруге үйретеді
Қазақ даласын асқақ та жігерлі күйлерімен тербеген ұлы күйші-композитор Құрманғазы Сағырбайұлы 1818 жылы Бөкей хандығы, қазіргі Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына қарасты Жиделі деген жерде дүниеге келген.
Шыққан тегі – Кіші жүз, он екі ата Байұлынан өрбіген Сұлтансиықтың Қызылқұрт бұтағы. Құрманғазының жетінші атасы Ерші деген кісі от тілді, орақ ауызды, сөз дарыған адам болыпты. Ал, нағашы жұрты – Беріш руы.
Құрманғазының әкесі Сағырбай өнерден алыс, қақ-соқпен ісі жоқ, қарапайым шаруа адамы болатын. Шешесі Алқа адуынды, бірбеткей, ер мінезді кісі болған, той-домалақта күресетін палуан әйел атаныпты. Бала кезден еркекшора болып өскен Алқа келін болып түскенге дейін ойын-тойдың көркін кіргізетін.
Құрманғазы жастайынан жұрт назарына ілікті. Оны күй өнеріне баулыған әрі алғашқы ұстазы Ұзақ күйші болатын. Бала Құрманғазы ұстазымен ел аралап, қара домбырасымен талай сайыстарға қатысты. Сол кездегі Бөкей ордасының атақты күйшілері Байжұма, Баламайсаң, Байбақты, Соқыр Есжан, Шеркештің күйлерін үйреніп, шеберлігін шыңдай түседі.