«Сүйіспеншілік пен достық» тақырыбына дербес пікір жазу.
1. Cүйіспеншілік пен достық бар адамға тән деп есептеймін.
2. Себебі, сүйіспеншілік – тіршіліктің негізгі тірегі, сүйіспеншілік дегеніміз – жақындарымызға, қоршаған ортамызға, бір сөзбен айтқанда, барша әлемге махаббатпен қарау. Ал «Досы жоқ адам, тұзы жоқ тағаммен тең» дегендей, достықсыз өмірімізді елестету қиын.
3. Бар жан дүниесі, жүрегі сүйіспеншілікке толы жан ешқашан жамандық ойламайды, себебі ол бақытты жан, оның рухы кемелдік көгінде қырандай қалықтап, мәңгіліктің жасыл жайлауына қанат қағады. Ал достық дегеніміз - адамды ерекше қанаттандыра білетін, қуанышты үдетіп, кайғыны азайтатын қарым-қатынас түрі.
4. Әрине, сүйіспеншіліксіз өмір сүруге әбден болады дейтін адамдар да кездеседі.
5. Дегенмен, сүйіспеншілікті адам алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап сезіп-көріп, мейірімін төккен ата - анасының ыстық құшағында олардың аялы алақанын сезіне бастайды.
6. Өмірде адал дос табу, достық қарым-қатынастарды сақтай білу өте маңызды. Ендеше, сүйіспеншілікті пен адал достықты өмірлік ұстанымызға айналдырып, барлығымыз бақытты, ал достығымыз мәңгілік болсын!
Менің сүйікті спортым.
Әр адамның өзінің талғамы мен икеміне сай спорт түрі бар. Мысалға, біреулер қарсылартармен жекпе – жекке шығып, күш сынасқанды ұнатса, енді кейбір адамдар керісінше, қарсыластарын логикасымен жеңгенді ұнатады, тағы біреулері жылдамдықпен байланысты спорт түрлерін жақсы көреді.
Осы орайда, менің сүйікті спорт түрім – мәнерлеп сырғанау. Бұл спорт түрінде спортшы конькимен сырғанап, музыка сазына сәйкес әсем қимыл жасайды. Мәнерлеп сырғанау алғаш рет Ұлыбританияда пайда болған. 1763 ж. Лондонда Б.Вест мәнерлеп сырғанаудан алғаш рет өнер көрсеткен. Мәнерлеп сырғанаудың жекелей, жұптасып, топтасып сырғанау және мұздағы би түрлері бар. Жекелеп сырғанауда міндетті және еркін жаттығудан спортшы өзінің қабілеті мен шеберлігін көрсетеді, ал жұптасып сырғанауға жігіт пен қыз қатысады. Мәнерлеп сырғанауда қозғалыс түрлі болуы мүмкін: баяу, немесе жылдам. Музыканың ырғағына байланысты спортшы түрлі қимылдар жасайды: айналады, секіреді, мұз үстінде жүгіреді. Мәнерлеп сырғанау адам бойында кербездік пен сұлулықты дамытып, адамды шыңдай түседі. Бірақ өте әдемі спорт түрі болғанымен қиындығы да қатар жүреді. Мысалға, айтатын болсақ, бұл спорт түрінде ауыр жарақаттар жиі кездеседі, екіншіден, жаттығу жұмыстары күнделікті бірнеше сағаттан болып отырады, көп қаражат пен уақытты талап етеді. Дегенмен, осы қиыншылықтардың бәрінен бас тартпай, осыншама әсем спорт түрімен айналысатын спортшылардың алдында бас игім келеді.
Мен болашақта үлкен спортшы болмасам да, бұл спорт түрімен өзім үшін айналысамын, сонымен қатар осы спорт түрінен өткізілетін барлық жарыстарды үзбей көріп отырамын.