Ата - ананы сыйлау.
Әрқайсымыз үшін бұл өмірде ата – анамыздан жақын әрі ыстық адам табылмас. Ата – анамыз біздерге осы өмірге келуімізге себепші болып, өмір сыйлаған адамдар. «Анадан асыл бар ма жан?» демекші, аналарымыз түн ұйқысын төрт бөліп, мәпелеп, тәрбие беріп,осы күнге жеткізді.Осы орайда ойыма «Анаңды үш рет Меккеге арқалап апарсаң да, ақ сүтін ақтай алмайсың» деген мақал түседі.
Сонымен қатар, ардақты әкелеріміздің де орны бөлек. «Әке көрген оқ жонар» демекші, бала тәрбиесінде, отбасында әкенің қамқор, тірек, асыраушы ретінде алатын орны ерекше.
Менің ойымша баланың ата – ана алдындағы ең бірінші парызы – бұл кісілерді сыйлап, олар айтқан кеңестерге құлақ асып, ешқашанда жерге қаратпау. Ата – ананы қадірлеу кішкене күннен қалыптасып, есейе келе ата – ана мен бала арасындағы достық қарым – қатынасқа ұласады. Өз басым ата – ананы сыйлау дегенді былай түсінемін: үлкендердің айтқанын екі еткізбей орындау, үлкен кісі сөйлеген кезде сөзін бөлмеу, қарсы жауап қайтармау, әдепті болу. Ата – ананы сыйлау – бұл біздің перзенттік парызымыз.
Менің ата - анам - менің үлгі алар тұлғаларым. Ол кісілер мені әрдайым шыншыл болуға тәрбиелейді. Мен әдепті болып, анамның жүрегін жылатқым келмейді.
Сондықтан әкелеріміз бен аналарымыз – өмірдің мәні де сәні екенін есте ұстап,ата-ана өміріміздің шамшырағы, отбасының негізгі дінгегі, дәнекері екенін ұмытпайық!
Ас атасы - нан.
Нан – қазақ халқы үшін киелі ас саналады. Дастарқан жайғанда міндетті түрде ең алдымен нан қойылады. «Ас атасы – нан» деген мақал осыдан шықса керек. Ұннан жасалынған тағамдар бағзыдан-ақ ақ дастарханымыздың сәні болып келген. Қазақ өзінің шаңырағындағы кез келген жиында дастархан үстінен нанды алыстатпайды. Нанға қатысты тыйым сөздер мен мақал – мәтелдер де өте көп айтылған. Мысалы, «нанды аяқ астына тастама», «Нан қатты екен», «шала піскен екен», «күйіп кеткен», «езіліп кеткен» т.б. сөздерді айтып, нанды сынамайды. Нанды, тамақты сынау –ашаршылықты шақыратын жаман ырым. «Нан— тамақтың атасы, ынтымақ — көптің батасы» деген халық ұғымында нанда кепиет, қасиет, құдірет, кие бар деп түсінген.