Ағаш жердің көркі» шағын әңгіме.
Бір сәт айналамызға зер салып қарайтын болсақ, жердің, табиғаттың көркі ағаш екенін байқаймыз. «Бәр тал кессең, он тал ек» деген халық даналығы да бар емес пе? Яғни, ағаштарды табиғаттың ерекше жаратылысы деп білуге болады, себебі ағаштардың қоршаған ортаға тигізер пайдасы орасан зор. Өзіңіз қараңызшы: демалуға қажетті оттегіні бөліп шығарады, күннің ыстығында көлеңке береді, құстарға пана болады, жан – жағына көрік сыйлайды, табиғаттағы тепе-теңдікті сақтайды, көшедегі шудың азаюына да ықпал етеді, олардың түбінде саңырауқұлақтар өседі, тіпті, ескі ағаштарды отынға да жаратуға болады. Айта берсек, ағаштың пайдасы көп. Осыны білген дана халқымыз «...Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді...» деп бекер айтпаса керек.
Соңғы уақытта экологияның нашарлауы салдарынан және басқа да келеңсіз жағдайлар себебінен ағаштар саны күрт азайып барады. Сондықтан еліміз бойынша жас көшеттерді отырғызу науқандары жүргізіліп, бұл шараға барлық мектеп пен орта және жоғары оқу орындарының шәкірттері түгелдей ат салысуда. Осылайша жасыл желегіміздің саны артып, айналамыз одан да құлпыра түспек. Болашақта осы жастарымыз еккен ағаштар келер ұрпаққа үлгі болады деп сенеміз.
Менің отбасым.
Менің отбасым өте үлкен. Біздің үйде атам, әжем, әкем, анам, ағам, қарындасым және мен бәріміз бірге тұрамыз.
Атам мен әжем зейнеткерлер. Зейнетке дейін атам мал дәрігері, ал әжем есепші болып жұмыс істеген.
Әкемнің аты - Олжас, жасы қырықта, қаржыгер болып жұмыс істейді. Анамның аты - Алуа, жасы отыз сегізде. Анам ауруханада дәрігер болып жұмыс істейді.
Ағамның аты - Сабыржан, жасы жиырмада. Сабыржан университетте білім алуда, болашақ заңгер. Мен мектепте оқимын, жасым он төртте. Қарындасымның есімі Аяужан, ол үшінші сыныпты оқиды.
Біз отбасы болып демалғанды ұнатамыз. Демалыс күндері ауа райына байланысты не серуенге шығамыз, не бәріміз ойын ойнаймыз. Ата - анамыз бізді салауатты өмір салтына сай тәрбиелеуде.Бәріміз де спорттың әр түрімен айналысамыз. Ағам бокспен шұғылданса, мен жеңіл атлетика үйірмесіне қатысамын, ал қарындасым жеңіл атлетика үйірмесіне қатысады.
«Үлкен кісі - шежіре» демекші атам мен әжем әрқашан бізге ақылдары мен өсиеттерін айтып, тәрбиелеп отырады. Атам мен әжем өте қонақжай кісілер. Біздің үйге қонақ жиі келеді. Қонақ күткенді бәріміз ұнатамыз. Алыс жақындағы туған - туыстардың бәрі біздің қалаға жолдары түссе, біздің үйге келіп, ат басын тірейді. Біздің отбасымыз өте тату. Мен отбасымда жақсы көремін!