Тәуелсіздік алған алғашқы күннен-ақ Қазақстан білікті мамандар даярлау мен білім саласын әлемдік стандарттарға сай реформалау мәселесіне баса назар аударды. Тәуелсіздікті баянды етуде білімнің маңыздылығын жоғары бағалап, экономикалық және қаржылық қиындықтарға қарамастан осы салаға барынша қолдау көрсетті.
Халқымызда “Білекті – бірді, білімді – мыңды жығады” деген ұлағатты сөз бар. Білімнің шындығында да баға жетпес үлкен рухани қару екендігі, тек рухани қару ғана емес, сонымен қатар аса зор өндіргіш күш екендігі белгілі. Расында да, білімнің қуатына тең келетін басқа идеялық-рухани күш, қуат көзі жоқ екені шындық. Сондықтан да, күллі әлемдік жаңа идеология ең әуелі білімнің теңдессіз күшіне арқа сүйейді. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның білімге негізгі басымдық беріп отырғандағы басты себебі содан. Өйткені, білім – тек ғылымның іргетасы ғана емес, сонымен бірге тасы өрге домалаған еңсесі биік елдермен терезесі тең мемлекет болудың күретамыры, ел дамуының алтын арқауы. Білім бар жерде даму, жетілу, кемелдену үрдісі бір сәтке толастамайды. Табыстың көзі, жақсы өмір сүрудің түп қазығы білімде жатқанын ұлы Абай да жақсы айтқан: “Балаң білімді, парасатты болсын десең, малыңды аяма”, – дейді ол.
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың сан қырлы және әртүрлі жанрлы бай мұрасы – XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің ерекше құбылысы, қазақ халқының рухани мәдениетінің маңызды бөлшегі.
Сұлтанмахмұт Торайғыров қысқа өмірінде көптеген маңызды шығармалар жазғаны соншалық, ол ұлттық мәдениет тарихында құрметті орынға ие болды. Өмірлік жолында кездескен қиындықтарға төтеп беріп, Сұлтанмахмұт Торайғыров өзінің қайсар мінезін көрсетті. Ақынның өмірде ұстанған ұраны, оның білімге, ғылымға, өнерге деген талпынысы бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан емес.
Сұлтанмахмұт Торайғыров – қазақ әдебиетінің тарихында өшпестей із қалдырған Абайдан кейінгі қазақ ақыны, екінші ағартушы.
Ол қазақтың жазба әдебиетінде әр жанрда еңбек етіп, ерекше көзге түскен бірден-бір ақын. Сол уақытта жаңа, белгісіз жанрда өлең жазған ақынның әртүрлі шығармалары бар, атап айтсақ: екі роман, бес поэма, көптеген өлеңдер, мақалалар, очерктер және публицистикалық шығармалар.
С. Торайғыровтың шығармашылық мұрасын әдеби тұрғыдан зерттеу XX ғасырдың 30-жылдарынан басталды. Сұлтанмахмұт жайлы алғашқы мақалалардың авторлары І.Жансүгіров, С.Мұқанов, С.Сейфуллин, А.Адалис, И.Маслова, Қ.Дәукенов, С.Айтмұқанов және т.б. болды.
Сұлтанмахмұт Торайғыров қазақ поэзиясына айтарлықтай үлес қосты, оның өлеңдері қазақ әдебиетінің асыл қазынасы енді, бірнеше ұрпақтың игілігіне айналды.