1969-1970 жылдары Алматы облысы маңынан табылған "Алтын адам" алыс-жақын елдерді елең еткізгені анық. Археолог Кемел Ақышев Алматы облысы Есік қаласының солтүстігіндегі Есік өзенінің сол жақ жағалауындағы темір дәуірінен сақталған сақ обасынан табылған алтын киімді сақ жауынгерінің мүрдесін тапты. Тарихи жәдігердің киімі 4 мыңға жуық алтын әшекеймен безендірілген.
Әшекейлер барыс, бұлан, таутеке, арқар, ат, түрлі құс бейнелерін беретін "хайуанат нақышында" жасалған. Бассүйектің сол жағынан жақұт тастармен әшекейленген алтын сырға табылды. Бас киімі кейінгі қазақ киімі үлгілеріне ұқсас, биік, шошақ төбелі, ұзындығы 70 сантиметр шамасында. Мойнында дөңгелек жүзік сияқты алтын алқа, іш көйлегі, көкірегінің тұсы, жеңі алтын тоғалармен өрнектелген, саусағында екі алтын жүзік, камзолы құрастырылмалы ауыр белбеумен буылған. Белбеуге аңға ұқсас бейнелер, 16 тоға жапсырылған, оң жағында қызыл қынапты ұзын семсер, сол жағында алтын пластиналар жапсырылған қынға салынған темір қанжар - ақинақ, шалбар балағы да алтын тоғалармен әшекейленген.
Тәуелсіздік туралы.
«Тәуелсіздік» ұғымы кімнің болмасын бойында мақтаныш сезімін оятып, ұлтжандылыққа жетелейтіні анық. Тәуелсіздік таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз, әрбір адам кеудесін көтеріп, мақтанып айтатын қасиетті ұғым. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық.
Сонау ата-бабаларымыздың, аға-апайларымыздың рухын таптамас үшін, кейінгі ұрпақ тыныш елде мекен етсін деп ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен сақтап қалған жер үшін, атамекен ел үшін еңбектерін, төккен терлерін зая кетірмес үшін біз өз Тәуелсіздігімізді мықты әрі берік етіп сақтау - біз үшін міндет.
Сондықтан Сіздерге тілерім - Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз еңселі болсын! Желтоқсанның ызғарлы желі енді соқпасын! Бейбіт заманда өмір сүріп, аспанымыз әрқашан ашық болсын! Бір шаңырақтың астында тату – тәтті өмір сүріп, еркіндігімізді сақтайық! Еліміздегі бейбітшілік пен ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсейік! Тәуелсіз Қазақстанымыз жасасын! Тәуелсіздік күні құтты болсын!