Қыран құсты қастерлеген халықпыз.
Қыран құс - жыртқыш,жылдам әрі епті құс.Ал,көшпелі халықтарда,әсіресе,қазақтарда қыран құсты ерекше қастерлеген.Біздер үшін ол батырлықтың,еркіндіктің,алғырлықтың белгісі іспеттес.Республикамыздың мемлекеттік көк байрағында да азаттықтың айбыны ретінде алтын қыран құс бейнеленгені соның дәлелі.Байырғы замандарда қыран құсқа "Құс патшасы","Қанаттылар ханы","Құдайдың қазаққа еншілес берген құны" деп мадақтап,оның қастерлігін одан әрі танытқан.Бұнымен қоса қыран құстың ел ішінде құны да жоғар болған.Мысалы,Жеті жарғы заңында аңға салатын итті,бүркітті өлтірген адамнан олардың иесіне бір құл немесе бір күң беріледі делінген.Қыран құсты қолға үйретіп,баптап,саятшылыққа пайдалану қазақ халқының ежелден келе жатқан өнері,дәстүрі десек те болады.Қыран бүркіт Жеті қазынаның бірі екендігі тағы бар.Осының барлығы қыран құстың біздің халқымыздың тарихы мен бүгінінде,тұрмысы мен дәстүрінде алар орнының зор екендігін білдіреді ғой.
Жеті - қасиетті сан.
Қазақ - ырымшыл халық. "Қасиетті" сандарды білмейтін адамдар жоқ шығар: «үш», «төрт», «бес», «жеті», «тоғыз», «он үш», «қырықты» бала күнімізден естіп, біліп жүрміз.
Жеті саны киелі мәнде халық санасына, ұлттық ұғымға мықтап бекіген. Бұл санның тұрмыс-тіршілікте, халық фольклорында, діни ұғымдардағы маңызы ерекше. Оған дәлел, аптада неше күн бар – жеті, аспан неше қабат – жеті, жер неше қабат – жеті. Міне, қызық, бәрі де жеті. Нөсерден кейінгі жаратушының жаршысындай жауынмен жарысып шығатын кемпірқосақтың түсі – жеті, осыған қоса жинақтау сандары да жетімен шектеледі: біреу, екеу, ұшеу, төртеу, бесеу, алтау, жетеу. «Сегізеу», «тоғызау» болып айтылмайды. Міне, айта берсек «жеті» санының «сиқырын» сипаттайтын құбылыстар жетерлік. Қазақ халқының салт-дәстүрінде де жеті санының орны бөлек. «Жеті атасын білмеген – жетесіз», «жеті атасын білген ұл жеті жұртқа жөн айтар», «жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» немесе «жеті атадан әрі ғана қыз алысу заңы», яғни араға жеті атаны салып құда түсу әдеті ғасырлар бойы сақталып келеді. Жеті саны кейде жақсылықпен байланыстырылып айтылса, кейде жамандықпен де байланысып жатады. Мысалы, қазақ «жұт жеті ағайынды» дейді. Бұл тіркес халықтың басына аласапыран заман туып, ашаршылық, бүліншілік, індет, ауру келсе айтылады. Халық жеті жұтқа мыналарды жатқызады: құрғақшылық, жұт (мал қырылу), өрт, оба (ауру), соғыс, топан су, зілзала. Жеті санына байланысты культтік фразеологизмдер басқа сандарға қарағанда жұмсалу өрісі кең. Оларға: жеті ғашық, жеті шәріп (әулие); жеті қазына, жеті ғалам, жеті күн, жеті жұт, жеті жоқ, жеті қат көк т.б. жатқызады.