Музыка аспаптарында орындалатын шығармаларды аспаптық музыка деп атайды. Қазақтың домбыра, қобыз, сыбызғы, шертер сияқты ұлттық музыкалық аспаптарында орындалатын әуен-саз күй деп аталады. Бізге жеткен ең көне күйлер – күй атасы Қорқыттың шығармалары. Күй – бағдарлы мазмұны бар, көркемдігі жоғары аспаптық жанр. Онда табиғат құбылыстары («Алатау», «Саржайлау», «Көбік шашқан»), тарихи оқиғалар («Ел айырылған», «Жеңіс»), халық мерекелері («Тойбастар», «Балбырауын»), жан-жануарлар («Аққу», «Қоңыр қаз», «Көкала ат»), аңыз-ертегілер («Мұңлық-Зарлық», «Қос мүйізді Ескендір»), жеке адамдар («Байжұма», «Абыл»), адам сезімдері («Қуаныш», «Сағыныш»), т.б. түрлі оқиғалар мен құбылыстар суреттеледі. Күйлер тақырыбы мен мазмұнына қарай аңыз-күйлер, тартыс күйлер, тарихи күйлер, арнау күйлер, лирикалық күйлер, психологиялық күйлер болып жіктеледі. Қазақтың аспаптық музыкасы ХVІІІ ғасырдың соңында жоғары деңгейге көтерілді. Бұл кезде Байжұма, Баламайсан, Есжан, Байжігіт, Ұзақ, Боғда, Махамбет сияқты күйшілердің атағы халыққа кеңінен мәлім болды. ХІХ ғасырда ежелгі күйшілік өнердің одан әрі өрістеп дамуына Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Тоқа, Абыл, Есір, Ықылас, Байсерке, Қазанғап, Сейтек, Дина, Сүгір сияқты күйшілік өнердегі ірі тұлғалар елеулі үлес қосты. Домбыра күйлері орындалу мәндері мен құрылымдылық ерекшеліктеріне қарай төкпе және шертпе деп аталатын екі үлкен түрге бөлінеді. Төкпе күйлер тұрақты екпін мен өлшемде, оң қолдың тұтас сілтенуімен орындалады. Ал шертпе күйлер көбінесе жалғыс дауысты болып, оң қол саусақтарының ұшымен орындалады.
Абай Құнанбайұлы 1845 жылы дүниеге келді, 1904 дүниеден озды. Қазақ халқының ұлы ақыны, көркем сөздің теңдесі жоқ шебері, философ, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ойшыл- ағартушы, сазгер Абай Құнанбайұлы 1845 жылы бұрынғы Семей облысы Шыңғыс тауының баурайында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты- Ибраһим, әжесі еркелетіп "Абай" деп атап кеткен. Құнанбайдың жетi баласының ішінде ерекше зеректігімен көзге түскен- Абай.
Болашақ ақын жаз кезінен өлең, әңгімеге әуес болып, әжесі Зере мен анасы Ұлжанның аңыз әңгімелерін бар ынтасымен тыңдайтын. Әке- шешесінің қасында жүрсе де, жас Абай оқудан қол үзбейді, бос уақытында шығыстың мәдениетімен, араб, парсы, шағатай тілдерін өздігінен үйренеді.
Ақын жастар тәрбиесінің сан қырына, оның өзекті салаларына баса назар аударды, жас ұрпаққа үміт артты, олардың жүрек сезімін оятып, өзінің көкейкесті мақсат-мұраттарына жұмылдыруға ұмтылды. Жастардың еңбек етіп, ғылым мен білімге ден қоюы, алда тұрған мақсаттарына жету жолында табандылық көрсетуі қажеттігі сияқты асыл қасиеттерді уағыздау - Абайдың бүкіл ақындық қызметінің негізгі де үзілмейтін идеялық- тақырыптық желілерінің бірі. Абай мектепте оқып жүрген қазақ балаларына үміттене қарап, елдің болашағы осылар деп қуанды. Елдің мешеулігін, халықтың қараңғылығын, надандықты әшкерелеп, жаңа өмірге бастар жол оқу-ағарту, адамның рухани жағынан азат болуы деп түсінді. «Адамның білімі, өнері - адамшылықтың таразысы» деп санаған Абай білімді барлық атақ, құрмет пен бедел, байлықтан жоғары қояды. Ақын адамның ең қымбат кезі - жастық шақты оқуға, ғылымға жұмсауды еске салады. Ойын-сауықты кейін қоя тұрып, алдымен ғылым жолында еңбек ет, ізден, білімдіден үйрен, үлгі ал, солардай болуға тырыс дей келе: «Дүние де өзі, малда өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз...», - деген тұжырым ұсынады.Абай Құнанбаев.(150 сөз)