Көктем ... Шуақты көктем, шұғылалы көктем. Әсіресе, бұл көктемді бақ иелері мен дихандар қалай күтеді десеңізші! Көктем шығысымен олар жер ананың төсін гүлге орайды. Гүл. Біздің ата-бабаларымыз «жердің көркі - гүл» дейді емес пе? Десек те, гүлдің де гүлі бар. Көктемгі бақтың ең әйгілі гүлі – қызғалдақ (тюльпан). Қаhарлы қыстан жалыққан адам көңіліне қуаныш сыйлап, сәулелі сезімді қытықтап оятатын да осы гүл. Сондықтан да бақ иелері өздерінің бақшасын гүлдендіруді қызғалдақтан бастайды. Сондай ақ, бұл гүл мектеп ауласында да әдемі көрік береді. Негізінен қызғалдақтың Отаны - Орталық Азия. Ол түрік көшпенділері арқылы Азияның басқа бөліктеріне тарап, парсы, түрік мемлекеттері патшаларының сүйікті гүліне айналды. Қызғалдақ ХҮI ғасырдың ортасында Түрік еліндегі неміс елшісі арқылы Германияға жетті. Осы кезден бастап, Еуропа байлары үшін қызғалдақ ерекше орын алды. Ал, голландиялық бай саудагерлер үшін қызғалдақ - байлықтың белгісі болды. Тіпті, ерекше түрлері үшін бар байлығын жұмсағандар да кездесті
Кең байтақ қазақ даласының қойнауы табиғи байлықтарға, алуан түрлі өсімдік түрлеріне аса бай. Соның бірі – көктем шыға көздің жауын алып, қырларда құлпырып, жайнайтын қызғалдақ гүлі. Тамаша қызғалдақ гүлінің біздің жерімізде 32 түрі кездеседі. Оның 12 - сі эндемикалық, яғни, тек қазақ жерінде ғана өсетін түр болып саналады. Осыдан болар, Қазақстанның «Қызғалдақтың отаны» аталуы. Шындығында, аталмыш гүлдің қазақ даласынан бүкіл жер жүзіне таралғандығына бүгінде көзіқарақты ғалымдар нақты дәлелдер келтіруде. Осылай әлем мойындап отырған ғажайып өсімдігімізді өзгелерге насихаттап, қазақстанның бренді ретінде мақтаныш етуге біздің толық қақымыз бар. Оны тек мақтаныш етіп қана қоймай, көбейтіп өсіруді, қорғауды қолға алуымыз керек. Оған себеп, жерімізде өсетін қызғалдақтардың 18 түрінің «Қызыл кітапқа» енгендігі. Қызғалдақты қорғау, насихаттау жұмыстары тек сөз жүзінде емес, нақты іс, түрлі шаралар арқылы жүзеге асса игі. Осы мақсатта жуырда Алматы қаласында «Қызғалдақтың отаны – Қазақстан» республикалық байқауы өтті.