Адам – ең жоғарғы құндылық. Еліміз егемендік алғаннан кейін адамды ең жоғары құндылық ретінде бағалау қалыптаса бастады. Адамның бар құндылығы – оның өмірі. Ол адамның мінезі мен темпераменті, мүддесі, көзқарасы, әдеті, тілегі, мәдениеті, тәрбиелік деңгейі, бір-бірімен өзара қарым-қатынасы, кішіпейілдігі, әдептілігі, жеке басының тазалығы, әсемдігі, сөйлеу мәдениеті т.б.
Адамның өмір сүру барысындағы қолданатын тәсілінде оның түрлі қажеттіліктері, ақыл-ойының қалыптасуы, еркіндік жауапкершілігі, қызметін ұйымдастыруы және болжамы анықталады. Оның іс-әрекеті және сол арқылы адамның қалыптасуы мен дамуы өз шешімін табады. Адам- дүниені өзгертуші күш.
Орыс жазушысы К. Г. Паустовский: «Адам ақылды, кішіпейіл, әділ, батыл да қайырымды болуға тиіс. Тек сонда ғана оның осынау Адам деген мәртебелі атпен аталуға құқы болады»;
Куба жазушысы, саяси қайраткер Х.Марти: «Адам бола білу – ең қиын мамандық» - деп жазған. Ең ұлы жеңіс- өзіңді-өзің жеңу. Өзіне-өзі ие бола білген адам ғана барша жұрттан мықты.
Қарапайымдылық деген не?
Адам бойында түрлі жағымды және жағымсыз қасиеттер болатыны анық. Осы жағымды қасиеттердің адам бойында кездесетін ең қадірлісі қарапайымдылық деп білемін. Қарапайымдылық дегеніміз – адамның асып – тасуға талпынбауы, яғни менменшілдіктің болмауы. Қарапайым адамда атаққұмарлық мүлдем болмайды, себебі қарапайым кісі өзінің қабілеттері мен қасиеттерін дұрыс бағалай біледі. Қарапайым адам көкірек көтеріп, өзгелерді үстінен қарамайды, керісінше өзге адамдарды сыйлап, барлығымен жақсы қарым – қатынаста болуға тырысады. Қарапайым адам бойынан тәкаппарлық, атаққұмарлық, мақтаншақтық, арсыздық, бетпақтық секілді жағымсыз қасиеттер кездеспейді.
Мен үшін қарапайымдылық адамдықтың белгісі іспеттес. Біздің отбасымызда ата – әжеміз үнемі «қарапайым болыңдар, менмендікке жол бермеңдер! Өзгелерді құрметтей біліңдер!» деп өсиеттерін айтып, біздің жақсы тұлға ретінде қалыптасуымызға өз үлестерін қосып отырады. «Қарапайымдылық – моральдық сұлулықтың басты шарты» деп Лев Толстой айтып кеткендей, қарапайым адамның жан дүниесі де сұлу болатыны хақ. Сондықтан құрбыларыма айтарым: өз бойымыздағы жағымсыз қасиеттерге жол бермей, керісінше қарапайым әрі кішіпейіл бола білейік!